Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Жаңа базар қаланың тұрғыны көбейіп келе жатқан «Нұрсая» шағын ауданында бой көтерді. Базар құрылысы үшін 2,01 га жер телімі бөлінген болса, сауда орнының жалпы аумағы 2 520 шаршы метрді құрайды. Мұнда сауда көрігін қыздыру үшін 288 орын бөлінген. Яғни, базарда ет және құс етін, сонымен бірге, балық өнімдерін саудалаушылар үшін 40 орын, көкөніс ұсынушыларға – 50, ал өзге де азық-түлік түрлерін сатушыларға 158 орын беріліпті.
«Сарайшық» ЖШС директоры Асқар Бисеновтің айтуынша, мұнда жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өз өнімін тұтынушыға делдалсыз ұсынуына басым бағыт беріледі. Сол себептен, мұнда орын ақысы өзге базарларға қарағанда, әлдеқайда төмендігімен ерекшеленеді.
«Бұл базарға тұтынушылардың қатынауы үшін жолды кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр. Базардағы баға да тұрақты бақылауымызда болады. Алдағы уақытта өнім түрлері де молаяды», – дейді базардың ашылуына қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Базар жанында 2 330 тонна өнім сақтайтын қойма орналасқан. Бұл қоймада жергілікті өнімдерді ұсынушылардың тауарымен бірге азық-түлік қоры да сақталатын болады. Коммуналды базардың жалпы құн 1 172 901 390 теңгені құрайды.