Астаналық ардагерлерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады

24.12.2015
Астаналық ардагерлерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ардагерлерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, зор денсаулық пен отбасыларына бар жақсылықты тіледі.

«Өздеріңіз білетіндей жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы мемлекеттің әлеуметтік экономикалық тұрақтылығын нығайтуға, қоғамның барлық салаларын жаңғыртуға, жаңа әлеуметтік саясат құруға ерекше назар аударды. Бұл ретте қазақстандықтардың өмір сүру сапасын, игілігін арттыруға, халықты әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыру қажеттілігін атап өтті», - деді Ермек Аманшаев.

Оның айтуынша, Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектерді, оларға теңестірілген тұлғаларды және зейнеткерлерді қолдау Жолдаудың басым міндеттерінің бірі болып табылады. Жыл сайын жергілікті және мемлекеттік бюджеттен ардагерлер мен зейнеткерлерді тегін жол жүрумен, дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін қаржы бөлінеді, сонымен қатар, санаториялық-курорттық ем-дом қабылдауға жолдамалар беріледі.

Биыл Қазақстанда Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аталып өтті. Бюджет қаржысы есебінен 5,2 мың адамға (ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген басқа санаттағы тұлғалар) әлеуметтік көмек көрсетілді.

Кездесу барысында әлеуметтік, медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ, ардагерлерге, жалпы зейнеткерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемінің мөлшері 9 пайызға ұлғаймақ. Бүгінде Астанада 67 мыңнан астам зейнеткер бар, соның ішінде 186-ы Ұлы Отан соғысына қатысқан жән 4 мыңнан астамы тыл еңбеккері.

Хабарламаларға жазылу