Мәжіліс төрағасы осы жылы тәуелсіз Қазақстанымыздың жылнамасында орын алған маңызды оқиғаларды тізбектей келіп, сол тарихи сәттердің барлығында Мәжіліс депутаттарының қолтаңбасы қалғанын атап өтті.
«Елбасы біздің мемлекетіміз барлық жағынан бәсекеге қабілетті болуын міндеттеді. Біз де бәсекеге қабілетті заңдар қабылдауымыз керек,-деді Қ. Жақыпов.
Осы мақсатта спикердің тапсырмасымен жыл басынан бері әрбір заң жобасына барлық кезеңдерде жеке-жеке талдау жасап, депутаттардың заңнамалық жұмысын қамтамасыз етуге жұмылдырылатын барлық қызметкерлерге, бөлімдерге нақты қаралып отырған заң жобасы бойынша жүйелі мониторинг жасаумен қатар, сол сала бойынша көтерілген өзекті сұрақтарды жан-жақты сараптау жүктелген.
«Соның нәтижесінде заңдық жолмен шешуді қажет ететін көптеген мәселелер жарыққа шықты. Заң жұмысы әрқашанда біздің мемлекетіміз бен қоғамның өмірлік қажеттіліктеріне қатысты нақты жағдайға бейімделіп, біздің азаматтарымыздың негізделген сұрақтарын шешуге тиіс», деді Мәжіліс спикері.
«Заң шығару жұмысында біздің қандай бір іркіліске, тоқырауға жол беруге қақымыз жоқ. Біз Елбасының мемлекет пен ұлтты жаңғырту үдерістерін заңнамалық қамтамасыз ету жолындағы сенімді тірегіміз. Президенттік ауқымды бастамаларды жүзеге асыру, мемлекетті нығайту бағытындағы сапалы заңдық жұмыс - Мәңгілік елге апаратын сара жол»,-деді Қ.Жақыпов.
Одан әрі Мәжіліс төрағасы ел игілігі жолында бірлесіп атқарған жұмыстары үшін депутаттық корпусқа, парламенттік фракциялардың, Қазақстан Халқы Ассамблеясы депутаттық тобының мүшелеріне, Аппарат қызметкерлеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өз алғысын білдіріп, жаңа жылда жаңа табыс тіледі.