1991 жылы КСРО ыдырап, құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет атанды. Олардың қатарында Қазақстан да болды.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» Заң қабылдады.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні - тарихы тереңде жатқан елдің өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Бұл мереке әр жылдың 16 желтоқсанында аталып өтеді.
Тәуелсіздік күні ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі елеулі мереке болғандықтан, 16, 17 желтоқсан күндері күнтізбеде демалыс болып саналады.
Жыл сайын республика азаматтарының арасында мәдениет қайраткерлері, әлеуметтік саладағы ерекше қызметімен көзге түскен мамандар, әскери шенділер мен офицерлер, құқық қорғау саласының қызметкерлері және өзге де сала өкілдері елеулі еңбек еткендері үшін мемлекеттік сыйлықпен марапатталады.
16 желтоқсан күні Қазақстанның барлық өңірінде мерекелік мәдени ойын-сауықтық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Тәуелсіздік күні - тек Қазақстан тұрғындары үшін ғана емес, сонымен бірге, шетелдердегі қазақ халқының өкілдері үшін де маңызы зор мереке.