Бүгін – Ақмоланың ел астанасы болып жарияланған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Ақмоланың ел астанасы болып жарияланған күні

10.12.2015
Бүгін – Ақмоланың ел астанасы болып жарияланған күні

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1997 жылы 20 қазанда «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлық шығарды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығына 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап ие болды.

1998 жылдың 6 мамырында Президент Н. Ә. Назарбаев «Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлыққа қол қойды. 

Жаңа астананы әлемге таныстыру - ресми тұсаукесер той 1998 жылғы 10 маусымға тағайындалды. 2008 жылы 24 маусымдағы Заңмен 6 шілде- Астана күні, мемлекеттік мереке болып белгіленді.

1920-1925 жылдары Орынбор қаласы Қазақстан астанасы болды.

1925-1929 жылдары Қызылорда қаласы (алдында Перовск және Ақмешіт деп аталатын) Қазақстанның астанасына айналды.

1929 жылдан 1997 жылға дейін Алма-Ата Қазақстан астанасы болды. 1993 жылы тәуелсіздік туралы Ата заң қабылданған сәттен бастап, бұрынғы Верный, одан кейінгі Алма-ата Алматы деп өзгертілді.   

Астананың аумағы 710,2 шаршы шақырым, тұрғындардың саны (2015 жылдың 1 қаңтарындағы санақ бойынша) – 853 мыңнан астам адамды құрайды.

Астана халықаралық іскерлік және мәдени орталыққа айналып келеді. Қалада әкімшілік, әлеуметтік- мәдени, ғылыми, білім беру нысандары және іскерлік- орталықтар, тұрғын- үй кешендері алдыңғы қатарлы мемлекеттер астаналарының стандарттарына сай келетін құрылыс нысандары бой көтеріуде.

Астананың жаңа әкімшілік орталығында ҚР Президентінің резиденциясы- Ақорда, ҚР Парламенті мен Үкіметінің ғимраттары орналасқан. Елорданың іскерлік орталықтарында кеңселер, сауда орталықтары, мейманханалар, ал әлеуметтік- мәдени орталықтарда театрлар, мұражайлар, демалыс орындары, спорттық нысандар, ойын- сауық орталықтары бар.

Астанадағы кең көлемді өзгерістер әлемдік ұйымдар назарынан тыс қалмады. 1999 жылдың шілде айында елордамыз ЮНЕСКО-ның шешімімен «Әлем қаласы» сыйлығына ие болды. 2003 жылы әлемдік «Moodys Investors Service» рейтингтік агенттігі қаламыздың кредиттік рейтингісін Ва3 –тен (тұрақты) Ва1 –ге (оң) дейін, бірден екі деңгейге көтерді.

Бүгінде елордамызды Мәскеу, Минск, Киев, Кишинев, Ташкент, Рига, Тбилиси, Баку, Каир, Исламабад, Берлин, Будапешт, Варшава, Вильнюс, Анкара, Гданьск (Польша), Ушак (Түркия) , Бангкок (Таиланд), Сеул (Корей Республикасы), Амман (Иорданиялық Хашимит Корольдіғі) секілді әлемнің жиырма қаласымен достық және бауырластық қарым- қатынастар тығыз байланыстырады.

2000 жылдан бастап, Қазақстан елордасы Астана Мәскеу, Минск, Бішкек және тағы да басқа ЕурАзЭҚ- тің ірі қалалары мүшелік ететін, әлеуметтік және іскерлік қатынас саласында беделді ұйым саналатын астаналар мен ірі қалалар халықаралық Ассемблеясына (ХҚА) мүше болды.

Хабарламаларға жазылу