Досхан Жолжақсынов: «Құнанбай» фильмі – қазақ үшін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Досхан Жолжақсынов: «Құнанбай» фильмі – қазақ үшін

03.12.2015
Досхан Жолжақсынов: «Құнанбай» фильмі – қазақ үшін

Бүгіннен бастап еліміздің кинотеатрларынан толықметражды «Құнанбай» фильмі көрсетіле бастайды. Осы фильмнің режиссері, продюсері әрі басты рөлді сомдаушы Досхан Жолжақсынов бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.

Фильмнің тұсауы осыдан алты ай бұрын кесілген болатын. Прокатқа араға біршама уақыт салып шығуының себебімен бөліскен Халық әртісі: «Алғашқыда жасы үлкен ағаларымыздың батасын алсақ деген ниетпен көрсеттік. Тоқмейілсуден аулақпыз. Дей тұрғанмен, мұның барлығы бізге үлкен жауапкершілік. Келешекке деген үміт, арман. Бұл кино – қазақ үшін»,-дейді.

«Алғаш тұсауын Қарауылда кестік. Одан кейін Астана, Алматы, Семей, Талдықорған, Тараз қалаларын аралап келдік. Бір естен кетпес жағдай болды. Семейде екінші кинотеатрда көрсетіп болдық киноны. Халық қол шапалақтап, мен сахнаға енді бара бергенімде, елдің алдына шашына бантик байлаған кішкентай қыз бала жүгіріп шығып, «Досхан ата, мен қазақ болып туғаныма мақтанамын!»,-деді. Мен көзіме жас алдым. Жас баланың аузынан Отанға деген, ұлтқа деген  үлкен сенім, махаббат осы киноның аясында шығып жатқанына қуандым. Маған содан артық марапаттың да қажеті жоқ сияқты көрінді».

Фильмнің кейбір эпизодтары алынып тасталды. Осыған тоқталған режиссер: «Барақ сұлтанның Құнанбайды түрмеден пұл беріп босатып алатын жері бар. Бірақ, бір қарасам, бұл эпизод кемшіндеу екен. Құнанбайды әлі де құрсауға салынқырағым келді. Өйткені, шын мәнінде Құнанбай соның бәрін көріп өткен тұлға.  Мен бұл эпизодты қыс мезгіліне ауыстырдым.  Шешім қабылданып, итжеккенге айдалып бара жатқан кезде, Барақ орыстың даласында қырау шалған кескінімен Құнанбайдың алдынан шығып, босатып алады. Бұл – ерекше көріністер»,-дейді.

Сұхбаттың  толық нұсқасы «Таңшолпаннан» көріңіз.

Хабарламаларға жазылу