Бұл туралы облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейі директорының орынбасары Алмас Еркінұлы хабарлады, деп жазады pavlodarnews.kz.
«Қазақстанның намысын қорғаған жастардың арасында біздің мектептің 10-сынып оқушылары Омар Ерсұлтан мен Каир Рашид робототехника саласы бойынша Arduino платформасында дайындалған жоба мен интерактивті тақтада қолдануға мүмкіндік беретін әрі көп платформада жұмыс істей алатын бағдарламасын ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша Омар Ерсұлтан күміс медаль иегері атанса, Қаир Рашид қола жүлдені қанжығасына байлады, - дейді информатика пәнінің ұстазы Е. Міндетбай.
Оның айтуынша, электронды бесік жобасының мақсаты – бала күтімін жеңілдету. Жоба сенсорлармен, мотормен және картамен жабдықталған. Екі сенсордың бірі – дыбыстық болса, екіншісі - ылғалдық сенсор. Бала жылаған сәтте дыбыстық сенсор плата арқылы моторға белгі береді. Бұдан кейін бесік автоматты түрде тербеле бастайды. Бағдарламаның циклы 10-15 айналымнан тұрады.
Мәселен, балалардың кейбіреуі бес минутта, енді кейбірі 10 минутта ұйықтап қалады. Сондықтан, әр балаға арналған бағдарлама жазылады. Ылғалдық сенсор бала дәретке отырып қойған кезде LEDшамы жанады. Бұл - ата-аналарға баланың төсенішін ауыстыру қажет екені туралы белгі.
«Сонымен қатар, балалар үшін аса қауіпті электромагнитті толқындардан қорғайтын арнайы құрылғы орнатылған», - дейді Ерхан Міндетбай.
Айта кетерлігі, биология, физика, химия, астрономия, экология, энергетика және тағы басқа секциялар бойынша ұйымдастырылған MOSTRATEC-2015 олимпиадасына әлемнің 21 мемлекетінен 875 оқушы қатысқан.