Бүгін – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туған күні

28.10.2015
Бүгін – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туған күні

122 жыл бұрын (1893-1920) ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында туған. 3 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған.

Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың балалық шағы осы ауылда өтті.  Әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан бастап молдадан дәріс ала бастады. 1911 жылы Нұралы деген ұстаздың көмегімен қазақ, татар тілдерінде әдеби кітаптармен танысты. 

1912 жылы Троицкідегі Ахун-Рахманқұлы медресесіне түседі. Бірақ, мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Осылайша, Сұлтанмахмұт медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді. Қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады.

Осы кезден бастап, ақындыққа ден қойып, сол жылдары оқып жүрген жастарға «Ендігі беталыс», «Шығамын тірі болсам, адам болып» атты бірнеше өлең жазды. Осы тұста әйгілі «Қамар сұлу» романын жазуды бастады. 

«XX ғасырдың басында қазақ әдебиетіне роман керек деген тәрізді пікірлер көп айтылған. Мысалы, «Айқап» роман бәйгесін жариялайды. Роман жазыңыздар» деген сияқты хабарлама берген. Сол кезде Сұлтанмахмұт өзінің «Кім жазықты?» деген романын береді.

Бұл роман өте күрделі роман. Бұл – екі адамның ортасындағы қарым-қатынасты айтып қана қойған шығарма емес. Бұл романда кейіпкерлердің көркем бейнесі, ішкі психологиясы бар. Олардың қиналған сәттерін суреттейтін беттері толып жатыр»,-дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнол-Ғабден Бисенғали.

Хабарламаларға жазылу