«Тұлпар-Тальго» пойыздарында мультимедиялық ойын-сауық порталы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тұлпар-Тальго» пойыздарында мультимедиялық ойын-сауық порталы іске қосылды

21.10.2015
«Тұлпар-Тальго» пойыздарында мультимедиялық ойын-сауық порталы іске қосылды

20 қазаннан бастап «Астана-Алматы» және «Алматы-Петропавл» бағытында қатынайтын «Тұлпар-Тальго» пойызының 4 құрамында мультимедиялық ойын-сауық порталы іске қосылды.

Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Портал жолаушыларға алуан жанрдағы фильмдерден, әртүрлі ойындардан тағы басқа да қызметтерден тұратын медиатекаға қосылуға мүмкіндік береді. Ол отандық және әлемдік кинофильмдер мен мультфильмдердің ауқымды топтамасы жинақталған және олар мүмкіндігінше жаңа өнімдермен жаңартылып отырады.

Барлық медиаконтентті жоғары сапада тамашалауға болады. Сондай-ақ, жолаушылар портал арқылы пойыздардың жүру кестесімен танысып, қажетті қаладағы қонақүй немесе такси бағасын анықтап, түрлі жаңалықтарды оқып, сервис және қызмет көрсету сапасына қатысты өз пікірі мен ой-ұсыныстарын жазып қалдыра алады. Мультимедиялық порталға қосылу «Гранд», «Бизнес» және «Турист» вагондарының барлық жолаушылары үшін тегін.

«Гранд» пен «Бизнес» жолаушылары видеотеканы толық тегін көрсе, «Турист» вагонының жолаушылары фильмдерді қалауынша қосымша ақы төлеп, тамашалай алады. Осы жылдың аяғына дейін бұл қызмет «Тұлпар-Тальго» барлық 12 бағытында енгізілмек.

Сонымен қатар, жуырда «Тұлпар-Тальго» пойыздарымен пошталық корреспонденцияларды жедел тасымалдау қызметі («Қазпошта» АҚ бірге) де іске қосылмақшы. Қазірдің өзінде Астана және Алматы-2 вокзалдарында орналасқан «Қазпошта» нүктелерінде салмағы 3 кг дейінгі сәлемдемелер қабылдана бастаған. Жылдың соңына дейін бұл қызмет облыс орталықтарын түгелдей дерлік қамтитын болады.

Хабарламаларға жазылу