Бүгін «Таңшолпан» бағдарламасында Назарбаев университетінің студенттері Ернар Аймамбетов пен Жеңіс Отарбай қонақ болып, Наубек атты роботпен таныстырды.
«Бұл робот Францияда «Aldebaran» компаниясында құрастырылған. Біз тек мұның бағдарламасын, анимациясын жасадық. Бойына қазақтың қанын жүгірттік десек те болады. Наубек билейді, өлең оқиды және «күй тартады», - дейді Назарбаев университетінің 1-курс студенті Жеңіс Отарбай.
Роботтың Қазақстанға келгеніне екі ай болған. Ал, дүниежүзінде 2011 жылдан бастап қолданылған.
Студенттер мұндай роботты көбінде әлеуметке пайда әкелу мақсатында жасалатынын айтады.
«Бүгінде тек ойын-сауықтық мақсатында қолданылуда. Негізі, курстың аясында бұл роботты медицина, қызмет көрсету саласында, қоғамға пайда әкелетін жоба ретінде іске асыруды көздеп отырмыз», - дейді Назарбаев университетінің 3-курс студенті Ернар Аймамбетов.
Наубектің өнерін «Таңшолпаннан» көріңіз.