Жиында аймақ басшысы әлеуметтік мәселелерді көтерген ел ағаларымен еркін сұқбаттасып, пікір алмасты.
«Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығына келгеніме екі айға жуық уақыт болды. Қазіргі таңда аудандар мен қалаларды аралап, облыстың тыныс-тіршілігімен танысып жүрмін. Қалың бұқара болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоссақ, Елбасының сарабдал саясатының орындалғаны деп білем. Аға буын өкілдері - Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз біз үшін маңызды. Алдағы уақытта бірлесе атқаратын міндеттер көп. Жаңа іс-шаралардың жоспарын бекітіп, жұмыс жасаудамыз», − деді облыс әкімі.
Әр салада еліміздің дамуына елеулі үлес қосып, аянбай еңбек еткен зиялы қауым өкілдері бүгінгі күннің өзекті мәселесі болған білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік салалар төңірегіндегі ойларын ортаға салып, қоғамда кездесетін кейбір олқылықтардың шешу жолдарын ұсынды.
Ақсақалдарды алаңдататын негізгі мәселе – қоғамдағы жастар тәрбиесі діни тұрақтылық. Ал ауыл шаруашылығы бойынша әлеуеті жоғары өңірдің бірқатар су арналарын жандандырса, жерінің үштен екісін суармалы жер құрайтын өңір елімізді жеміс-жидекпен қамтамасыз етуге қауқарлы болады.
Ауыл шаруашылығы саласына бейім өңірдің осындай мүмкіндіктерін айтқан ел ағалары бізде агроном, мал дәрігері сынды мамандардың тапшы екенін, жалпы, өңірде кез келген сала бойынша маман тапшылығы бар екенін жеткізді.
Кездесуде өңір басшысы ұрпақтар сабақтастығын арттыру мақсатында Ардагерлер аллеясын ашу жайлы ұсынысын айтты. «Қарттарға қамқорлық жасау – біздің міндетіміз»,- деген Б.Атамқұлов ел ағаларына құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.