«Қазақстан» телеарнасы көрермендеріне шытырман оқиғалы «Жаңа қоныс» телесериалын ұсынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телеарнасы көрермендеріне шытырман оқиғалы «Жаңа қоныс» телесериалын ұсынады

29.09.2015
«Қазақстан» телеарнасы көрермендеріне шытырман оқиғалы «Жаңа қоныс» телесериалын ұсынады

10 қазан күні телеарнада «Жаңа қоныс» комедиялық сериалының тұсаукесері өтеді. Телехикаяның оқиға желісі үлкен қалада пәтер жалдайтын отбасының бастан кешкен қызықты оқиғалары негізінде өрбиді.

Хикая кейіпкерлерінің басынан өткен оқиғалар кез келген көрерменге таныс жағдай. Күнделікті тұрмыстағы келіспеушіліктер оң қырынан көрсетіліп,  қызықты оқиғалар көрермендердің көңілдерін көтереді.

Кейіпкерлердің образынан көрермендеріміз өздерін көре алады! Хикаяны жасаушылар бас кейіпкерлердің басынан өткен қызықты оқиғалар көпшіліктің көңілінен шығады деген үмітте. 

12 серия барысында біз қарапайым ауылдан үлкен қалаға қоныс аударған Мырзахановтар отбасы мүшелерінің тыныс-тіршілігімен танысамыз.

Отбасылық қаражаттары өздеріне жеке пәтер сатып алуға жетпегендіктен, олар уақытша пәтерді жалдап тұруға шешім қабылдайды. Хикая барысында Мырзахановтар түрлі қаржылық тап болып, пәтерді жалға алу ұзаққа созылса, өз пәтерін сатып алу туралы асқақ арман жыл сайын алыстай түседі. Нәтижесінде, қалада олар тұрмаған аудан қалмайды.

Мырзахановтарға туған ауылға қайта көшіп, шаруашылықпен айналысып, берекеге кенелуге де болар еді. Алайда, қаланың көптеген қиындықтарына қарамастан, оған намыстары жібермейді. Маңдай терімен тапқан-таянғандарын пәтер иесіне береді. Қаладағы тұрмыстарын жалғастырып, өз шаңырақтарына қол жеткізуді армандайды.

Хикаяның эпизодтары «ұсақ тұрмыстық мәселелерді» жеңіл, әрі күлкімен қабылдауға мүмкіндік береді.

«Жаңа қоныс» хикаясының қоюшы-режиссері Жеңісхан Момышев, продюсері – Дастан Қалдыбаев. 

Мұнда актерлердің де жұлдызды құрамасын атап өткен жөн. Олар: Қуандық Шәкіржанов, Бақыт Әліпбаева, Жұлдыз Маханова, Нұрсұлтан Жақсыгенов, Дастан Қалдыбаев және Саягүл Оразғалиева.

10 қазан күні «Қазақстан» телеарнасында жаңа комедиялық телехикаяны өткізіп алмаңыздар! Көтеріңкі көңіл-күйді әр сенбі күні сағат 14.35-те сыйлайтын боламыз!

 

 

 

Хабарламаларға жазылу