Астанада Павлодар облысы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Павлодар облысы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті

26.09.2015
Астанада Павлодар облысы  ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті

Бүгін Астанадағы «Мега»  сауда-ойын-сауық орталығы алдындағы алаңда кезекті ауылшаруашылық жәрмекесі өтті. Екі күн бойы Павлодар облысының тауар өндірушілері елорда тұрғындарына өз өнімдерін ұсынуда.

Жәрмеңкеде Астана тұрғындары көкөніс, ет және сүт өнімдерін нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан бағамен  сатып ала алады. Павлодар өңірінен жалпы сомасы 184,0 миллион  теңгені құрайтын 730 тонна өнім әкелінді.

Павлодарлық кәсіпорындар мен ауылшаруашылық құрылымдардың ет және еттен жасалған өнімдері - 108 тонна, сүт өнімдері – 25 тонна, көкөністер мен бақша дақылдары – 490 тоннаны құрайды.

Азық-түлік тағамдарымен қатар, «Казақ тағамдары» шатырында ұлттық асхана өнімдері де ұсынылды.

Жәрмеңкеге келушілерге арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.  Шара аясында И. Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының және «Шаңырақ» орталығының шығармашылық  ұжымдары өнер көрсетуде.

Еске салайық, 25 қыркүйек күні Астана қаласы мен Павлодар облысының әкімдері сауда-экономикалық Келісімге қол қойған. Келісім шеңберінде Павлодар облысы тауар өндірушілері өз өнімдерін Астана қаласына нарық бағаларынан төмен бағамен жеткізді.

Сондай-ақ, елордада  Павлодар облысы тауар өндірушілеріне «Шапағат» коммуналдық базарында және мамандандырылған дүкендерде жеңілдікті сауда орындары ұсынылды.

astana.kz

Хабарламаларға жазылу