«Сенбілік кездесуде» - Сейіл Аяған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сенбілік кездесуде» - Сейіл Аяған

26.09.2015
«Сенбілік кездесуде» - Сейіл Аяған

Бүгінде бард әншілер арасында танылып қалғандардың бірі – Сейіл Аяған.   Қолына гитараны қалай  алғанын, жалпы, өнерге қалай келгенін әнші былайша еске алады.

«Алты жасымда әке-шешем маған домбыра алып бергені есімде. Ол кезде күні бойы ойын қуып үй көрмейміз. Кешке қарай ұйқыға бір жола келіп құлаймыз. Түн ортасы ұйқылы-ояу домбырамен айқайлап ән салатын көрінемін. Әке-шешем көрші-қолаңнан қысылғаннан, ертесіне «балам, түнде айқайлауға болмайды. Күндіз айт әнді», дейді екен.

Сөйтсе, әкемнің апасы Қазыкен шешей ата-анама: «оятпаңдар, балаға бір құдірет қонғалы жүр», десе керек. Қазыкен апа кезінде өлең шығарған, ән салып, мандалин тартқан кісі. Кейінде домбырам сынып қалды. Содан совхозға гитара келді. Қазақ радиосынан Қорабай Есеновтер құйқылжытып жатады. Қазір қайдам, бізді ол кезде Қазақ радиосы тәрбиеледі ғой. 7-8 жасымда гитара тартып, сол кісілердің орындауындағы және басқа да дәстүрлі әндерді өз әлімше орындайтынмын.

Сөйтіп, домбыраны гитараға алмастырдым. Көбіне гитараны домбыраша тартып, көсіп-көсіп алатыным содан қалса керек. Кейін бұл өз стиліме айналды. Негізі, мен эстрада жанрында жүргеніммен, табиғатым – қазақтың халық әндері».  

Өмір жолында қанша қиындыққа кездессе де, гитарасын тастамаған әнші бүгін «Сенбілік кездесуде» қонақта. Жақындары мен жора-жолдастарының жылы лебізін 21:00-де Ұлттық арнадан тыңдаңыз.

 

Хабарламаларға жазылу