«Поэзия әлемінде» - Индира Кереева - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Индира Кереева

19.09.2015
«Поэзия әлемінде» - Индира Кереева

Жырлары нәзік иірімге толы, жүрекке жылылық сыйлайтын жастар арасындағы поэзияда өзіндік орны бар ақын қыздардың бірі – Индира Кереева.

1986 жылы 6 тамызда Ақтөбе облысы, Темір ауданында дүниеге келген. Мамандығы - журналист. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ақтау қаласында өткен Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық мерейтойына байланысты өткен «Қайыртпай кеткен Қашаған» республикалық жас ақындар мүшәйрасының жүлдегері. 2012 жылғы XV Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты.

«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша 2013 жылы жарық көрген  «Дауыстар диалогы» атты жыр жинағының авторы.  Индираның ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толығырақ бүгін Ұлттық арнадан сағат 13:45-те біле аласыздар.

СЕН-3

Көзіңде бір ақық күліп,
Үміт боп жанатын да – Сен;
Жанымды жылатып тұрып,
Жұбатып алатын да – Сен;

Өмірден күй кетіп тұрып,
Өлең боп өтелетін – Сен;
Көңілді күйретіп тұрып,
Көкке күрт көтеретін – Сен;

Түнім боп түнеріп тұрып,
Таңым боп сүйетін де – Сен;
… Бағаңды бірер ұқтырып,
Басымды иетін де – Сен;

Махаббат – бойға құт дей ме,
Шөлім де, тоятым да – Сен;
Өзіңді ойлатып кейде
Өксітіп қоятын да – Сен;

Сезіммен санаспай ма екен?!
Жүрейік таласпай, көкем.
Жанымда болмасаң, бірақ
Жалғанмен жараспайды екем…

Хабарламаларға жазылу