![«САҚ» киностудиясы Керей мен Жәнібек хандар туралы анимациялық фильм ұсынбақ](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/5/article_52428.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Фильм желісінде Жәнібек пен Керейдің ұстазы болған Қарт батырдың оларға садақ ату, қылыштасу, жауынгерлік өнердің түрлі тәсілдерін үйретуі баяндалады. Ел басқаруда білімнің де маңызы зор екенін ұстазынан ұғынған Керей мен Жәнібектің Отырар қаласына аттануы, Отырар кітапханасын аралап, ғұлама ұстаздардан түрлі дәрістер алып, елге оралғанда түрлі ерліктерімен көзге түсе бастауы да қамтылған.
Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында Керей мен Жәнібектің бала кездерінде бастарынан өткен қызықты оқиғалары көрсетіледі. Олардың тай үйретеміз деп жүріп, қалай қарақшыларға тап болғандары, Қарт батырдың көмегімен қарақшыларды жеңіп шығуы суреттеледі. Осы эпизодқа арнайы жазылған «Қарақшылар» әнін Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев («МузАрт» тобының әншісі) сынды кәсіби әншілермен қатар әзілімен танылған азаматтар Нұржан Төлендиев пен Берік Тұрсынбеков орындайды деп күтілуде.
Фильм барысында қазақ жерінің әсем табиғаты, сол замандағы Жібек Жолы бойында орналасқан Сауран, Отырар, Сығанақ сияқты қалалар, зәулім хан сарайлары көрсетіледі. Сонымен бірге, кішкентай көрермендеріміз елордамыз Астананың бүгінгі көз сүйсіндірер көркін де тамашалай алады. Туындының тарихи кеңесшісі - тарих ғалымдарының докторы, профессор - Жамбыл Артықбай.
Анимациялық фильмнің көрсетілімі Тәуелсіздік күні қарсаңына жоспарланған.
Айта кетейік, «Сақ» киностудиясы «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз», «Мұңлық - Зарлық», «Сапа олимпиядасы», «Қанатты барыс туралы аңыз», «Қазақстан бренді» атты мультфильмдері және «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының «Ең үздік жоба» аталымын жеңіп алған балаларға арналған «Томпақ» телехикаясы арқылы танылған.
ҚазАқпарат
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=«САҚ» киностудиясы Керей мен Жәнібек хандар туралы анимациялық фильм ұсынбақ&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/102117/)