Жамбылдық Ақжол Жұматай «Алтын тұлпар» аламан бәйгесiнде үздік шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдық Ақжол Жұматай «Алтын тұлпар» аламан бәйгесiнде үздік шықты

06.09.2015
Жамбылдық Ақжол Жұматай «Алтын тұлпар» аламан бәйгесiнде үздік шықты

Ақмола облысына қарасты Қабанбай батыр ауылында, Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесi маңында өткен «Алтын тұлпар» аламан бәйгесi 100-ден астам жүйрiктiң iшiнен нағыз тұлпарды анықтады.

51 шақырымды құрайтын 4 айналымда астындағы тұлпарының күшін сақтап, бәйгенiң 3 айналымы бойы «әдейi» көзге түспей, соңғы минуттарда жүйрiгi «Шаманды» қамшылап, желдей жүйткіген Ақжол Жұматай бәйгенiң бас жүлдесін жеңіп алды.

Екінші орынды Павлодар облысынан келген Мейiрхан Дәлелов иеленсе, үздік үштікті Алматы облысының шабандозы Олжас Қойшыбек түйіндеді.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған бәйге расымен қазақтың ат шаптырып, ас берiп, далада думандататын байырғы салтын көзге елестеттi. Ал, озық технологияларды орайымен пайдаланған ұйымдастырушылар бәйге өткен жерге екi үлкен экран орнатып, жарыс жолында әр екi шақырым сайын камера қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алтын тұлпар» аламан бәйгесiнiң тоғыз жүлделi орнын алған шабандоздар мен жүйрiктер:

1-орын - Ақжол Жұматай, аты «Шаман», Жамбыл облысы, 10 млн теңге.
2-орын - Мейiрхан Дәлелов, аты «Бейбарыс», Павлодар облысы, 5 млн теңге;
3-орын - Олжас Қойшыбек, аты «Жаннұр», Алматы облысы, 3 млн теңге;
4-орын - Еркебұлан Ермағамбетов, аты «Бекторы», Қарағанды облысы, 1 млн теңге;
5-орын - Қуатбек Едiл, аты «Трактор», Жамбыл облысы, 900 мың теңге;
6-орын - Думан Жанша, аты «Аққағаз», Қарағанды облысы, 800 мың теңге;
7-орын - Нұрболат Айдарлы, аты «Бойтұмар», Жамбыл облысы, 700 мың теңге;
8-орын - Диас Тұрғанов, аты «Найзағай», Алматы облысы, 500 мың теңге;
9-орын - Асылхан Бекiшев, аты «Қасқалдақ», Алматы облысы, 400 мың теңге;

 

Хабарламаларға жазылу