Бауыржан Бабажанұлы алдымен – ақын, сосын – журналист. Кәсіби журналист қана емес, әдемі әңгімеші де.
Оның шығармашылығына ерекше баға берген Темірхан Медетбек: «Бауыржан Бабажанұлы барынша қарапайым жазады, шешен жазады, бір сөзбен айтқанда, қазақы ақын. Табиғаты қазақы. Оның ерекшелігі сонда — қандай бір күрделі ұғымды да қазақ жанына жақын етіп қорыта білетіндігінде»,-дейді.
Ақын 1969 жылы 21 мамырда туған. 1986 жылы Қоңырат ауданындағы «Ленинизм» орта мектебін, 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған.
1995-1996 жылдары ҚР ҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер, 1996-1999 жылдары. «Жалын» журналында, «Ана тілі» — «Жалын» бірлескен басылымдарында бөлім меңгерушісі, 2000 жылы «Алтын Орда» тәуелсіз аралығында бас редактордың орынбасары болып қызмет істеген.
Өлеңдері «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар антологиясы» атты ұжымдық жинақтарға енген. 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен «Аспан мен жердің арасы» («Елорда») және 2006 жылы «Уәде» («Жазушы») атты кітаптары жарық көрді.
2003 жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Әдебиет» аталымы бойынша бас жүлдегері. 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Астана қаласының 10 жылдығы» медальдарының иегері.
2008 жылы «Экспресс К» газетінің тек қана бас редакторлар арасында өткізілетін сайысында үздік шығып, басылымның Геннадий Толмачев атындағы сыйлығын иеленген.
Ақынның өлеңдерін бүгін Ұлттық арнадан сағат 13:45-те «Поэзия әлемі» хабарынан тыңдай аласыздар.