Аталмыш бəйге тек жүйріктер сайысы ғана емес, жүйрікті тап басып танитын ат сыншыларының және ат тағалаушы шеберлердің де сайысы қоса ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды kazaitys.kz.
ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлен Оспановтың айтуынша, жүйріктердің еркін тыныс ашуына мүмкіндік беру үшін «Алтын тұлпардың» жарыс қашықтығы 51 шақырымға ұзартылған. Бәйгеге 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларының әрқайсысынан 10 сәйгүлiктен, кемiнде 160 тұлпар қатысады деп күтiлуде. Жарысқа сәйгүліктердің барлық тұқым-түрлері қатыстырылады.
Биылғы «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің жүлде қоры 23 миллион теңгені құраса, бас жүлде - 10 миллион теңге. Сондай-ақ, мәреге алғашқы жеткен 9 тұлпарға қазақтың эпостық жырларында аты аңызға айналған дүлдүлдер: «Құлагер», «Байшұбар», «Қубас», «Қарақасқа», «Ақтабан», «Бозауыз», «Тайбурыл», «Көкбурыл», «Шалқасқа», «Тарлан» атты тұлпарлар аталымы бойынша диплом және қаржылай сыйлықтар беру жоспарлануда.
Жарыс әр айналымы 12,5 шақырымды құрайтын 4 шеңбермен өтеді. Шеңбер бойына әрбір 2 шақырым сайын бір-бірден 7 бақылау бекеті орналасады. Бекеттерде телекамералар мен төрешілер, адам және мал дәрігерлері, тәртіп сақшылары тұрады.
Төрешілер көлденеңнен ат қосылып кетпеуін бақылайтын болса, телекамералар бәйге барысын халыққа тікелей көрсетеді. Бұлдардан басқа, 2 тікұшақ жарыс барысын биіктен бақылап камераға түсіреді. Көрермендер мен ат иелері өз тұлпарларының қай тұста шауып бара жатқандығын LED экраннан бақылауға мүмкіндік қарастырылған.