Таласбек Әсемқұлов – 1955 жылы 1 тамызда Семей облысы Аякөз ауданы «Ақтоғай» теміржол станциясында дүниеге келген. 1976-1980 жылдары Алматыдағы Абай атындағы педагогика институты филология факультетін тәмамдаған.
Проза, сценарий жазу өнерімен педагогикалық институтта оқып жүрген студент кезінен айналысқан. 1980-1983 жылдары Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлт аспаптар музейінің ғылыми қызметкері, 1984-1987 жылдары республикалық «Жазушы» баспасында әдеби редактор болды.
1987-1998 жылдарда Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясы фольклор кабинетінің меңгерушісі, 1998-2006 жылдары республикалық «Жұлдыз» әдеби журналы сын бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
Республикалық баспасөзде «Атайы», «Кәрі ат», «Арылу» сияқты әңгімелері, «Шымдан» повесі және «Талтүс» романы жарық көрген. «Көкбалақтың өлімі», «Біржан Сал», «Жезтырнақ», «Алматы – Астана», «Тұмар падиша», «Құнанбай» сынды киносценарийлердің авторы. Сондай-ақ, республикалық баспасөзде қазақ және орыс тілінде түрлі әдебиет, мәдениеттану тақырыптарына арналған бірқатар мақалалары жарық көрген. Күй өнерін терең зерттеген.
1973 жылы «Байжігіт күйлері» деген жеке гранд-дискі Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан шықты. «Мәңгілік сарын» антологиясына 20-дан астам, 2009 жылы шыққан «Қазақтың мың күйі» антологиясына 40-тан астам күйі енген. 2010 жылы Парижден «Тәттімбеттің мұрасы» атты CD-дискі шықты.