Қытайдың әйгілі жазушысы Цао Сюэциннің шын есімі – Цао Чжань. Цао бала кезінде ата-анасынан жетім қалады. Кейін есейіп, отбасылы болған кезде әйелінен, қартайған шағында балаларынан айырылады.
Цао Сюэцинь – жан-жақты талантты жан еді. Суретті жақсы салатын, каллиграфиямен айналысып, өлең жазатын, қолөнер және емдеу ісі жөнінен де хабары болған. Алайда, Сюэциннің есімі тарихта «Қызыл сарайдағы түс» романымен қалды.
Цао ауқатты отбасынан шыққан. Цао әулеті императордың қызметінде жүріп жауынгерлік айбыны үшін жоғары жетістікке жетеді. Мысалы, олардың қатарында гарнизон қолбасшысы, император әскерінің капитаны және т.б. бар.
Ал, Цао Сюэциннің өзі Цао Инаның немересі еді. Жеңіл өнеркәсіп саласында шенеунік болған Цао Ина – өте сауатты адам. Әрі жеке кітапханасы да бар еді. Осы кітаптардың дені Цао Сюэциннің шығармашылығына әсер етті.
Император қайтыс болған соң, Цао әулетінің де жағдайы нашарлай бастайды. Мүлікті тәркілеу басталып, нәтижесінде Цао әулеті 1727 жылы Бейжіңге қоныс аударады. Цао Сюэциннің жалғыздықпен кешкен өмірі осы жерде басталады.
Арада біраз уақыт өткен соң Цао Сюэциннің өлең жаза бастайды. Маңайындағылар оған әдебиетпен айналысуға кеңес береді. Дәл осы кезде ол сурет салумен де айналысады.
Жазушының білімі туралы дерек аз. Дегенмен, оның император академиясында оқып, көшірмеші болғаны белгілі.
«Қызыл сарайдағы түс» - Цао Сюэциннің ең атақты романы. Бұл - Цзя әулетінің екі буынының құлдырауын, сондай-ақ, көптеген ағайын-туыстарының тағдырын баяндайтын туынды.
Бір қызығы, жазушы романның бір-екі бөлімін жазған бетте біреу оқуға алып, кейін қолжазба қолдан-қолға көшіріліп кете береді екен. Нәтижесінде, бүгінгі күнге романның қолжазба көшірмесі көп көлемде жеткен.
Туындыны оқырмандардың бірі жақтаса, енді бірі теріс пікір айтты. Кейбіреулері қолжазбаны өртеп те жіберген. Алайда, ешкім үнсіз қалмады. «Қызыл сарайдағы түс» романын қарапайым халық та, биліктегілер де аузынан тастамады.
Тарихи роман 120 бөлімнен тұрады.
«Қызыл сарайдағы түс» - жазушының ойлары, өнерге деген құрметінің нәтижесінде туған дүние. Романның соңғы нұсқасы автор қайтыс болғаннан кейін жарыққа шықты. Бізге дейін туынды түпнұсқасының 12 көшірмесі жеткен. Негізгі түпнұсқа сақталмаған.
«Қызыл сарайдағы түс» туындысын Ұлттық арнадан 3 тамыздан бастап дүйсенбі-жұма аралығында сағат 19:35-те көре аласыздар.