Астанада ХҚКО қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үйде қызмет көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада ХҚКО қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үйде қызмет көрсетеді

21.07.2015
Астанада ХҚКО қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үйде қызмет көрсетеді

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылып жатыр. Осы бағытта Халыққа қызмет көрсету орталықтарының да қосқан үлесі зор.

Астана қ. Жұмыспен қаммту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, мемлекеттік қызметтерді көрсету стандартында кез-келген өтініш беруші немесе оның ресми өкілі ХҚКО-ға өзі келуі тиіс, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл талаптарды орындау кей жағдайда қиынға соғатын болғандықтан ХҚКО қызметкерлері өздері келіп, азаматтың үйінде қызмет көрсетуі жайлы шешім қабылданған.

Осыған орай бүгінде әрбір 1-2 топтық мүгедектігі бар азаматтар ХҚКО қызметтеріне үйінде отырып-ақ тапсырыс бере алатын жағдай жасалған. Ол үшін «1414» қысқа номері арқылы бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, өзі жайлы ақпарат беріп, қызметті алуға қажетті құжаттар тізімін анықтап, мекен-жайын айту керек. Осы ақпаратты алған байланыс орталығының қызметкерлері қызмет алушыға қолайлы уақытты таңдап, ақпаратты сол ауданның ХҚКО бөліміне жібереді. Ал анықталған аудан бөлімі 72 сағаттың ішінде қызмет алушының үйіне барып қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, Астана қаласы бойынша жалпы, 7 Халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Аталған мекемелерде 191 мемелекеттік қызмет түрін көрсететін орталықтарда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған. Есік алдындағы пандус пен шақырту қоңырауынан бастап, арнайы жеңілдік терезесі мен есту-сөйлеу қабілеті төмен жандарға ымдау тілін білетін қызметкерлер де даярланды.

Хабарламаларға жазылу