Астанада терроризммен күрес тақырыбына арналған семинар өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада терроризммен күрес тақырыбына арналған семинар өтуде

30.06.2015
Астанада терроризммен күрес тақырыбына арналған семинар өтуде

Астанада «ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бейбіт бастамалары» атты семинар өтуде.  «Жібек жолы» бейбітшілік жүлдесі қоры және ҚР мен ҚХР Елшіліктері ұйымдастырған семинар терроризммен күрес, әлемдік бейбітшілік, түрлі мәдениеттердің өзара түсіністігі идеяларына арналған.

Сондай-ақ, семинар Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған бейбіт бастамаларына терең бойлап, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуды көздейді.

Шарада ҚР Сыртқы істер министрлігі басшысының орынбасары Асқар Мусинов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Чжан Ханьхуй, «Жібек жолы» бейбітшілік жүлдесі қорының жетекшісі  Шао Чжэнчунь, Бельгия төменгі палатасының депутаты Филипс Девинтер баяндама оқыды.

Сонымен қатар, семинарға танымал ғалымдар, саяси қайраткерлер мен ҚР дипломатиялық миссиясы өкілдері және Қазақстан, Қытай, Бельгия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Голландия, Сингапур және Венгрия елдерінен келген сарапшылар қатысуда.

Шара барысында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов: «2015 жыл біздің елде Ассамблея жылы  болып белгіленді. Ассамблея жылы бұл – бейбітшілік жылы, қоғамдық келісім жылы. Бүгінде ұйымдастырылып жатқан әрбір шараның соңында  қарапайым адамджардың қарым-қатынасы, бір-біріне деген түсіністігі мен қолдауы жатыр. Біз тек осындай әрекеттерімізбен ғана әлемде бейбіт өмір орната аламыз. Осылай ғана экономикалық серіктестікті дамыта аламыз. Бейбітшілік пен келісім бар жерде экономиканың да өсімі жақсы болады»,-деді.

Айта кету керек, шара аясында 1 шілде күні Бейбітшілік және келісім сарайында сурет көрмесі өтеді.

Хабарламаларға жазылу