Бүгін Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Кеңістік. Уақыт. Сәулет» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға университет ректоры А.Күрішбаев, Халықаралық құрылыс академиясының Қазақстандағы бөлімінің жетекшісі Б.Құспанғалиев, ҚР Сәулетшілер одағының президенті А.Рустамбеков, Астана қаласының бас сәулетшісі В.Силецкий және сәулет факультетінің әр жылдардағы түлектері қатысты.
Университет ректоры Ақылбек Күрішбаев сәулет факультеті университеттің академиялық бағдарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отырғанын, сондай-ақ, оқу орнының өндіріспен тұрақты байланысының арқасында мамандарды практикалық бағытта даярлауда жетекші орындардың бірінде екенін атап өтті.
Халықаралық құрылыс академиясының Қазақстандағы бөлімінің жетекшісі Болат Құспанғалиев университет ректоры А.Күрішбаев пен факультет деканы А.Корниловқа Алғыс хат табыстады.
Факультет түлектері мен қызметкерлері ҚР Сәулетшілер одағының Мақтау грамоталары және медальдарымен марапатталды. Олардың бесеуіне «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Құрметті қызметкері» атағы берілді.
Конференция аясында студенттер мен оқушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі өткізіліп, оқу орны кампусына экскурсия ұйымдастырылды.
Айта кетейік, сәулет факультеті жарты ғасырлық тарихында 1500-ден астам маман даярлап шығарды. Олардың барлығы қазіргі уақытта еліміз бен алыс-жақын шетелдердің сәулет саласының дамуына еңбек сіңіруде.