«Намыс дода» телешоуы Ұлттық арнадан жаңа маусымда ұсынылады (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Намыс дода» телешоуы Ұлттық арнадан жаңа маусымда ұсынылады (ФОТО)

21.06.2015
«Намыс дода» телешоуы Ұлттық арнадан жаңа маусымда ұсынылады (ФОТО)

Маусым айының басында Қытайдың Хайкоу қаласында әлемге танымал «Большие гонки» («Намыс дода») спорттық шоуы басталды. Шараға Қазақстан, Қытай, Венгрия, Франция, Алжир елінің командалары қатысуда.

Қазақстандық топтың  жетекшісі - ережесіз жекпе-жектен үш дүркін Әлем чемпионы, Еуропа және Азия чемпионы, ережесіз жекпе-жек бойынша Әлем Кубогының иегері Ардақ Назаров.

Әрбір бағдарламада эстрада жұлдыздарының арасынан қатысушыларды баптайтын команда капитандары таңдалған.

Қатысушыларға қазақстандық эстрада жұлдыздары жанкүйерлік етуде. Олардың арасында ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші Майра Ілиясова, Жеңіс Ысқақова, «МузАрт» тобы,  тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев,  тележүргізуші және продюсер Ләйлә Сұлтанқызы, Асхат Садырбай, әнші Гүлнұр Оразымбетова, Рүстем Нұржігіт, Бейбіт Құшқалиев, Айгүл Иманбаева, Төреғали Төреәлі, Мақпал Исабекова, Асхат Тарғынов, Ақылбек Жеменей, Айқын Төлепберген, актриса Әсел Сағатова және «Денар» тобы бар.  

Биыл жоба ережелеріне өзгерістер енгізілген.  «Алтын», «күміс», «қола» медальдар әр ойын соңында табысталып, қорытындысында ойынның барлық кезеңдері бойынша жалпы ұпай саны шығарылады.

Шоудың телевизиялық нұсқасы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан жаңа маусымда ұсынылады. 

Айта кетейік, әлемдік жоба аудиториясы 2 миллиард адамды құрайды. Қазақстан командасы 2007 жылғы телешоуда IV орын, 2008 жылы ІІ орын, 2012 жылы І орынды иеленген.

 

Хабарламаларға жазылу