22 маусымда Маңғыстау облысы мәдениетінің Астана қаласындағы күндері аясында «Шабыт» шығармашылық орталығының Ж.Жабаев атындағы үлкен концерт залында ақын Оңайгүл Тұржанның азаттық тақырыбына арналған «Теңіздер де шөлдейді» атты шығармашылық кеші өтеді.
«Қолымызға қалам ұстап жүргеннен кейін ел алдында анда-санда есеп беріп отырған дұрыс. Негізі бұл кешті осыдан екі жлы бұрын Фариза Оңғарсынова апамыз жоспарлаған еді. Алайда, сол кездері ол кісінің денсаулығы сыр беріп жүрген соң, кеш өткізе қоюға менің де құлқым болмады. Уақыт өте келе, апамыздың аманатын орындауға бел будым»,-дейді ақын.
«Әдетте, шығармашылық кештерде сахнаға үстел, орындық қойылып, ақынды отырғызады. Сосын кеш қонақтары сахнаға шығып, ақынды мақтайды. Залдағы көрерменнің жағдайына аса көңіл бөлінбейді. Біз бұл формадан қаштық. Барынша, өзгеше кеш өткізгелі отырмыз.
Ерекшелігі сол, кеш драмалық сипатта өтеді. Режиссер менің өлеңдерімнен теңіз, дала, құм, табиғаттың көп көрініс табатынын байқаған екен. Кештегі кейіпкерлер – теңіздер, құмдар, жусан, ақын. Кеш осы төртеуінің арасындағы диалог түрінде өтеді».
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.