«Поэзия әлемінде» - Ықылас Ожай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Ықылас Ожай

13.06.2015
«Поэзия әлемінде» - Ықылас Ожай

Ықылас Ожайұлы – 1981 жылы дүниеге келген. 1999 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Көгедай ауылының «Көгедай» орта мектебін бітірген.

2004 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Республикалық «Жас Алаш», «Нұр Астана» газеттерінде тілші, республикалық «Жаңа Сарыарқа» журналының бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған.

200-ге тарта танымдық, діни, ғылыми-сараптамалық мақалалардың, сондай-ақ, «Адырна» жыр жинағының, 1918 жылғы «Абай» журналына арналған «Алаш көсемсөзі» сериясының сегізінші томының шығарушысы.

Ақынның шығармашылығымен толығырақ бүгін 13:45-те «Поэзия әлемі»  хабарынан  таныса аласыздар.

Тарих

Бөкен жон, бөрте қыраттар астында

Шөптермен жабылған,

Ақсөңке сүйектер сөйлейді,

Не түйдік аруақтар зарынан?!

Менің тарихым – ап-ащы, күп-күрең,

Себебі ол, анамның жасымен,

Атамның қанымен жазылған.

Қария қыраттар сөйлейді күңіреніп,

Қобыздың тілімен,

Бір әуен талықсып жетеді құлаққа

Торғын жел үнімен.

Қан бөккен даламның қайғысын сеземін,

Жылқының жалы мен жусанның бүрінен.

Қайран, қабылан бабалар

Басының ішінде күн жанып,

Шуағы жүзінен байқалған.

Орхонның көк мәрмар тасына кертіліп,

Ерлігі айтылған.

Түз жүрек, тау мінез түркінің

Астында қара жер теңселіп,

Ауызында көк аспан шайқалған.

Ойхой, Орхонның жазуы,

Сен едің расы –

Бабамның жәдігер мұрасы.

Тамырымда күркіреп ағатын,

Қайда сол көк тастың көгілдір дұғасы?!

Көгілдір дұғамды

Кеудеме кісінетіп,

Боздадым зарлы үнмен,

Боздадым қазақы тағдырмен.

Сөйттім де,

Жылқының иісіндей бұрқырып,

Тұлпардың тостақтай көзінде

Тұңғиық шер болып қалдым мен.    

Хабарламаларға жазылу