«Поэзия әлемінде» - Ұларбек Дәлей - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Ұларбек Дәлей

25.04.2015
«Поэзия әлемінде» - Ұларбек Дәлей

Ұларбек Дәлей – ақын деген киелі атты ардақтай ұстап жүрген қалам иесі. Өне бойы ұлттық ділмен суарылған, қазақ десе қасқайып тұра алатын жас.

Оны замандастары: «Сатқындықты кешірмейтін, екіжүзділікті жек көретін, әділетсіздікке төзбейтін күрескер»,-деп таниды.

Ұларбек ақынның «Қанымдағы қасқыр иісі» деген өлеңінде ақын қасқыр-адам образын бейнелей отырып, қазақ үшін киелі саналған аң төресі – қасқыр ұғымына тереңірек үңілуге, қыры мен сырын жақсы білуге ұмтылдырады.

Ақынның өмірі мен шығармашылығы турасында толығырақ бүгін сағат 13:45-те «Поэзия әлемі» хабарынан көріңіз.

Біздің анықтама:

Ұларбек Дәлейұлы - 1980 жылы 26 қаңтарда дүниеге келген. 2004-2007 жылдары Түркістан қаласында  Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін бітірген.

Өлеңдері жас ақындардың «Жапыраққа тұнған тамшылар»(Үш қиян, 2003 ж.), «Жас толқын»(Жалын, 2006 ж.), «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы» (2010 ж.), «Азаттық таңындағы азат жыр» 2013 ж.Астана) қатарлы ұжымдық жинақтарына енген. Көптеген  халықаралық және республикалық жыр байқауларының жүлдегері.

Түркияның Стамбул қаласында өткен Түркі тілдес әлем халықтарының «IUNESCO. 2008 жыл – Махмұд Қашқари жылы» атты халықаралық әңгіме байқауының жеңімпазы.

ІІ рет өткізілген «Шығыс шынары» атты халықаралық жыр фестивалінің ІІІ орын жүлдегері.

«Қанымдағы қасқыр иісі», «Күз жауған соқпақ»  атты жыр кітаптарының авторы. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері



Көкжалдар жыры

 

Аспан асты, жер үстінде желпінген,

Бұл даланың еркін жортқан бөлтірігі ем.

Жастап жатып оянғанмын мен алғаш,

Ертоқымын көшпендінің тер сіңген.

 

Беймаза түн!

Есімді алма, сен енді,

Жылдар көрер күн сипаған төбемді.

Тұмсығымды Айға тіреп алғаш мен,

Атажұртқа қарап жазғам өлеңді.

 

Баурайыңда баурым аман,

Күн аман,

Қазақ Елі – әлпештеген ұлы анам!

Ырымдаймын босағама ақ төгіп,

Ұлым күнде жол қараса қуанам.

 

Жыл ызғарын, зар ызғарын боратқан,

Енді бізге қайталанбас ол ақпан.

Теңдігімді қайта таптым осында,

Тоныкөктің ордасында жоғалтқан!

 

Ырым еткен Күлтегіннің көп ізін,

Мынау үнім – ормандағы өз үнім.

Табығаш пен Үрім бойын күзетер,

Қайта туған Бейбарыстың өзімін!

 

Қазақ жұртын бауырыңа бас, ғалам!

Ұлың менмін, ұлы күрес бастаған.

Жалғыз өзі жауға тиер жалаңаш,

Қандай ауыр ұрыстардан қашпаған.

 

Ғарыш түнеп сығалаған ғасырдың,

Жанарына қасіретімді жасырдым.

Итпен ойнас империяларды менсінбей,

Атажұрттың алдына кеп бас ұрдым.

 

Сан үмітті қалмас енді сор қамап,

Жетер мұнда маңдай тері сорғалап.

Сары-Арқаға көш құлайды-ау тағы да,

Әне, ұлым жатыр тағы жол қарап...

Хабарламаларға жазылу