Көкшетау әуежайы біліктілігін көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетау әуежайы біліктілігін көрсетті

02.06.2015
Көкшетау әуежайы біліктілігін көрсетті

ТМД Үкімет басшылары кеңесі мен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырыстарына делегация мүшелері  15-тен астам ұшақпен келді. Чартерлі рейстерді Ақмола облысының әуе айлағы күтіп алды. Кеңес отырысы күндері Көкшетау қаласының әуежайы күшейтілген тәртіппен жұмыс істеді.

Әуежайдың ұшып-қону жолағы алғаш рет кеңфюзеляжды Boing-777 әуе кемесін қабылдады. Солардың ішінде - Airbas-319, TU-214, IL-76 және тағы басқа ұшақтар бар.

Шетелдік әуе кемелерінің экипаждары ұшақтарға жедел әрі мүлтіксіз қызмет көрсеткен Көкшетау әуежайы ұжымының кәсіби дайындығын жоғары бағалады. Бұдан бұрын, көкшетаулық әуежайшылар арнайы тақтада қозғалыс жүйесін, оның ішінде келіп қону мен ұшып кету аралықтарын, ұшып-қону жолақтарындағы қашықтықты сақтау тәртібін сынап көрген.

Осылайша, B-777 бортын қондыратын Вьетнам, IL-76, TU-214, A-319, GlEx және өзге де борттарды қондыратын Ресей Федерациясының ұшу режимін бақылау департаменттерімен алдын-ала оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізген. Ресейлік әріптестері әуежайдың техникалық құрамының кәсіби деңгейін ерекше атап өтті.

Айта кету керек, Көкшетау әуежайы 1977 жылы құрылған. 2010-2013 жылдар аралығында аэровокзал, жасанды ұшып-қону жолағы, тас жолдары мен тұрақтарды жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Терминалдың сағатына 200 жолаушыны өткізу мүмкіндігі бар. Ұшып-қону жолағы ИКАО-ның бірінші категориясына сай.

Хабарламаларға жазылу