Театр және кино актрисасы Жанат Чайкинаның «Сахна сәні сыр шертсе...» атты шығармашылық кеші өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Театр және кино актрисасы Жанат Чайкинаның «Сахна сәні сыр шертсе...» атты шығармашылық кеші өтеді

31.05.2015
Театр және кино актрисасы Жанат Чайкинаның «Сахна сәні сыр шертсе...» атты шығармашылық кеші өтеді

14 маусым күні Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Қазақстанның  Еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актрисасы Жанат Чайкинаның  шығармашылығының 40 жылдығына арналған  «Сахна сәні сыр шертсе...» атты кеші өтеді. 

Біздің анықтама:

Жанат Чайкина 1954 жылы 14 маусымда Павлодар облысының Ертіс ауданында дүниеге келген.

1971 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлық факультетіне Қазақстанның Халық әртісі Ш.Жандарбекованың курсына қабылданды.

Ең алғашқы рөлі - В.Ежовтың «Соловьиная ночь» спектакліндегі Инга образы. Терең психологиялық, ішкі тартысқа толы Инганың рөлі - болашақ актрисаның үлкен сахнагер болып қалыптасуына жол ашты.

1975 жылы  Талдықорған қаласындағы облыстық қазақ драма театрына қабылданды. Аталмыш театр сахнасында сомдаған Т.Ахтановтың «Күшік күйеуіндегі» - Ботка, «Әке мен баласындағы» - Әлия, А.Вампиловтың «Тұңғыш ұл» спектакліндегі - Нина, Ш.Айтматовтың «Арманым-Әселімдегі» - Әсел бейнелерін театр сыншылары жоғары бағалап, I дәрежелі дипломмен марапаттады.

Сондай-ақ, Павлодар облыстық Ж. Аймауытов атындағы музыкалық драма театрда қызмет атқарды. Бұл кезеңде сахнаға У.Шекспирдің «Король Лирдегі» - Корделия мен Шут, «Сонеттеріндегі» - Ақын, Еврипидтің «Медеясындағы» - Медея, А.П.Чеховтың «Чайкасындағы» - Заречная, Ш.Айтматовтың - «Ана - Жер Анасындағы» - Жер ана образдары келді.

Актриса 2004 жылы Қостанайда өткен XII республикалық театр фестивалінде Еврипидтің «Медеясы» үшін «Ең үздік әйел рөлі» аталымын жеңіп алды.

2008 жылы Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына шақырылды. 

Жанат Чайкина театр қойылымдары үшін бірнеше пьесаны орыс және қазақ тілдеріне аударған.

Кино саласында «Қазақфильм» студиясының «Өтелмеген парыз» («Искупи вину») фильміндегі Алимаш пен «Қызғыш құс» («Бегущая мишень») фильміндегі Роза рөлдерін ойнады.

 

Хабарламаларға жазылу