Ерік Құрманғалиевтің контртеноры адамды гипноздайтын еді – Бибігүл Төлегенова - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерік Құрманғалиевтің контртеноры адамды гипноздайтын еді – Бибігүл Төлегенова

31.05.2015
Ерік Құрманғалиевтің контртеноры адамды гипноздайтын еді – Бибігүл Төлегенова

Ол Гиннестің рекордтар кітабына әйел дауысты тұңғыш ер адам ретінде енді.

Ерік Құрманғалиев 1959 жылы 2 қаңтарда Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары кентінде дәрігерлер отбасында дүниеге келген.

Бала күнінен Людмила Зыкина, Ольга Воронецтің репертуарындағы әндерді шырқап өскен. 13-14 жасынан классикалық музыкаға әуес болған. Әкесі Сәлім алғашында ұлының музыкант болуына қарсылық білдіреді. Алайда, Ерік Құрманғалиевтің әкесі ерте қайтыс болады. Анасы Меруерт те 49 жасында қатерлі ісік аруынан дүние салады. Бауырлары Серік пен Берік те мезгілсіз бақиға аттанған.

Ерік Құрманғалиев мектепті тәмамдаған соң, Алматы консерваториясының музыкалық-педагогикалық бөліміне оқуға түседі. Кейін Мәскеуге аттанып, Гнесиндер атындағы Мәскеу музыкалық-педагогикалық институтына ауысады.

Институт қабырғасында жүріп-ақ, опера әншісі үлкен сахнаға шығып, концерттерге қатыса бастайды. 1980 жылы ол Д. Шостакович атындағы Ленинград филармониясының үлкен залы сахнасында Антон Шароев оркестрімен бірге Перголезидің «Stabat Mater» секвенциясын орындайды.

Оқу орнын тәмамдаған соң, Ерік Құрманғалиев Мәскеу консерваториясының аспирантурасында профессор Н. Дорлиактан біліктілігін арттырады. И. Бьенер, А. Рейнолдс, Ф. Кертин, Р. Кэйселли және т.б опера әншілерінен шеберлік сабағын алады.

1987 жылы Нидерландтың Хертогенбош қаласында өткен халықаралық жас әншілер байқауында лауреат атанады. 1988 жылы Бостон қаласында ән фестиваліне қатысады. Бұл кезде шетелдік БАҚ оны аңызға айналған опера әнші Федора Барбиеримен салыстырады.

1992 жылы режиссер Роман Виктюктің «Мадам Баттерфляй» драмалық спектаклінде Сонг Лилингтің рөлін сомдайды. Сол рөлі үшін де Ерік Құрманғалиев «Жылдың үздік актері» атанады.

1993 жылы «Диво’93. Ғажайыптар. Рекордтар. Жетістіктер» атты рекордтар кітабына енеді.

Ерік Құрманғалиев Қазақстан, Ресей, Украина, Латвия, Эстония, Литва, Татарстан, Недерланды, Бельгия, Мажарстан, Югославия, Франция, Грекияға гострольдік сапармен барып, үлкен сахналарда өнер көрсетті.

2002 жылы Мәскеу консерваториясының үлкен залында опера әншісінің гала-концерті өтті.

Ерік Құрманғалиев туралы әншінің көзі тірісінде «Дауыс», «Альт - Қайта өрлеу», «Сәлім-Меруерт» атты деректі фильмдер жарық көрді.

Режиссер Рустам Хамдамовтың «Вокалдық параллельдер» фильмінде әнші Рената Литвиновамен бірге басты рөлді сомдайды.

2005 жылы Ригада Карло Броскидің 300 жылдығына арналған «Фаринеллиді ұрлау» спектаклінде ойнайды.

Өмірінің соңғы кезеңінде әнші «Сәлім-Меруерт» атымен сахнаға шығып жүрді.

Ерік Құрманғалиев туралы Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Бибігүл Төлегенова былай дейді:

«Ол бірегей әнші. Еріктің дауысындай дауыс әлемде ешкімде жоқ. Жоғары, иілгіш... Оның контртеноры адамды гипноздайтын еді. Ол - нағыз классикалық әнші. Ол -  интеллегентті, тәрбиелі жігіт».

2007 жылдың 16 қазанында Ерік Құрманғалиев ауруханаға түсіп, 13 қарашада бауыр ауруынан қайтыс болады. Опера әншісі 2008 жылы Мәскеудегі Ваганьков зиратына жерленеді.

Әнші қайтыс болғаннан кейін Ерік Құрманғалиев туралы «Уақыт аңыздары» атты телевизиялық бағдарлама түсірілді. Ал, 2014 жылы ақын Маржан Ершудың «Ерік Құрманғалиев» атты кітабы жарық көрді. Фотосуреттермен көркемделген кітап-альбомда әлемдік музыка тарихында аты алтын әріптермен жазылып қалған әншінің отбасы, ата-анасы, туған жері, өскен ортасы, өнердегі жеткен жетістіктері мен өмірдегі сәтсіздіктері туралы баяндалады.

Ерік Құрманғалиевтің орындауындағы ариялар Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. 

Хабарламаларға жазылу