«Қызылорда-Мәскеу» бағытындағы әуе рейсі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қызылорда-Мәскеу» бағытындағы әуе рейсі ашылды

28.05.2015
«Қызылорда-Мәскеу» бағытындағы әуе рейсі ашылды

Бүгін, Қызылорда қаласындағы «Қорқыт-Ата» халықаралық әуежайында «Қызылорда-Мәскеу» бағытындағы жаңа тұрақты әуе рейсінің салтанатты ашылу рәсімі  өтті.  

Шараға  Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, «Қорқыт-Ата» әуежайы» АҚ директоры Сайлау Жаналин, «Airport Management Group» басқарушы компаниясының бас менеджері Елена Дюгай, «ТРАНСАЭРО» ӘК» ААҚ-ның Қазақстандағы бас өкілі Владимир Кушниренко, сонымен қатар, Сыр өңірінің Құрметті ақсақалдары, Мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты. 

«Қызылорда өңірінде Қазақстан мен Ресейдің бірлескен 300-ге жуық компаниясы жұмыс істейді. Ресейдің жоғары оқу орындарында 300-ге жуық студент оқиды. Сондықтан, қызылордалықтар үшін аталмыш бағыттағы әуе байланысы өте маңызды. Әуе компаниясы мен жолаушылардың сапарына сәттілік тілейміз!», - деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.

«Трансаэро» әуе компаниясының ұшақтары аптасына үш рет, сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері қатынайды. Сағат 08:55-те Қызылордадан ұшып шыққан жолаушылар Мәскеу қаласына сағат 09:40-та келіп жетеді. Рейстерге шығатын ұшақтар -  «Boeing 767-800» әуе кемелері.

Қызылорда әуежайы 2014 жылдың 24 қазанында халықаралық мәртебеге ие болды. Бүгінде  «Қорқыт-Ата» әуежайы бірқатар халықаралық чартерлі рейстермен қатар, тәжік әуе компанияларының транзиттік рейстерін де тұрақты түрде қабылдайды.

2016 жылы әуежай аумағында сағатына 250 жолаушыны өткізу мүмкіндігіне ие жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталады.

 

Хабарламаларға жазылу