«Мәскеу-Қызылорда» әуе рейсі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мәскеу-Қызылорда» әуе рейсі ашылды

16.07.2018

Енді екі елдің азаматтары аптасына төрт рет өзара қатынай алады. Бұл өңірдің туристік әлеуетін еселемек. Себебі, Қызылордадағы Қамбаш көлі мен «Байқоңыр» ғарыш айлағына келетін шетелдік қонақтар көп.

Диана Әзбергенова Ресейдің жоғары оқу орнында білімін жетілдіріп, магистр дәрежесін алып елге оралды. Осы уақытқа дейін ол ауылға келіп-кетуі үшін біраз әбігерге түсетін. Енді ол проблема шешілді. Қазір көрші мемлекеттегі жоғарғы оқу орындарында Диана секілді 500-ден астам жас білім алып жатыр. Олар үшін де Қызылорда мен Мәскеу арасында тікелей әуе қатынасының  болуы үлкен қуаныш.

Диана Әзбергенова, жолаушы:

- Бұрын біз Қызылордаға басқа қалалар арқылы келетін едік. «Мәскеу-Қызылорда» рейсінің ашылғанына өте қуаныштымыз. Бағасы да өте қолайлы.

Туристер үшін де бұл - жақсы мүмкіндік. Себебі, зымыранның Жер кіндігінен көкке самғаған сәтін тамашалау үшін Байқоңырға жылына жобамен 70 мың адам келеді. Енді жұлдызды қалашықта заманауи туристік кешеннің құрылысы басталмақ. Яғни, алдағы уақытта Сыр еліне келетін шетелдік меймандар саны тағы артады.

Дінмұхамед Болатбеков, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- «Ғарыш аттракционы» деп аталатын жобаның ең жоғарғы қабатында сфера орнатылады. Телескоппен қарауға болады.

Байқоңырға келген адам жақын жердегі Қамбаш көліне соқпай кетпейді. Суының мөлдірлігі жөнінен Египеттің Шарм-эль-Шейхымен немесе Женева көлінен кем түспейтін су айдынының жағалауы жанданып келеді. 

Жан Карло, турист:

- Қамбаш көлі маған қатты ұнады. Керемет, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Тек оны көру керек, сезіну керек. Мен міндетті түрде тағы келемін.

Бір кездері оғыздар ордасы - Жанкент, одан кейін Ақ орданың бас қаласы - Сығанақ және төрт жыл бойы қазақ жұртының астанасы – Ақмешіт болған Қызылорда. Сондай-ақ, күй атасы Қорқыт атаның кесенесі мен «қайта тірілген» Арал теңізі, шағыл құм басқан төбелер туристерді қызықтырады. Жалпы, сұлу Сырда көруге тұрарлық жер көп.  

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу