Батырхан әнші ғана емес, оның ақындығы мен композиторлығы да бар еді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батырхан әнші ғана емес, оның ақындығы мен композиторлығы да бар еді

19.05.2015
Батырхан әнші ғана емес, оның ақындығы мен композиторлығы да бар еді

Ол биыл төл мерекесіне жете алмады. Соңында керемет әндері мен дарынына бас иген тыңдармандары қалды. Өнердегі қадамын Роза Рымбаеваның саксафоншысы болып бастаған Батырхан Қамалұлы 1988 жылы «А-Студио» тобын құрады. Араға жыл салып, «Джулия» әнімен танылса, кейіннен «Отан Ана» әні талай жанның жүрегіне жылу сыйлады.

Батырхан тек әнші ғана емес, оның ақындығы мен композиторлығы да бар еді. Өзі құрған «А-Студио» тобында 12 жылдай ән салып, 2000 жылдардың басында жеке шығармашылықпен айналыса бастады.

«А-Студио»-дан кеткен соң оның биік белестерге көтерілетініне күмән келтіргендер көп еді. Ол қиын сәттердің бәрін артқа тастап, Ресейдің үлкен концерт залдарында бірнеше рет жеке шығармашылық кешін өткізді. Залға жиналған ел оның әндерін бірге шырқады.

Өмірінің соңғы жылдары Ресейдегі «Один в один» тележобасында өнер көрсетіп, алдыңғы  қатарда келе жатыр еді. 17 мамыр күні Батырхан Қамалұлының осы шоудағы соңғы түсірілімі көрсетілді.

2010 жылы Елбасы Жарлығымен Батырхан Шүкеновке Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді. 28 сәуір күні кенеттен келген ажал дарынды өнерпазды арамыздан алып кетті.

Соңындағы елге жұбаныш – оның әндері ғана.

Хабарламаларға жазылу