Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігі Халықаралық «Көктем» қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты.
«Көктем» жәрмеңкесі 1959 жылдан бері «Children and Families Across Borders» (CFAB) Ұлыбританиядағы Халықаралық әлеуметтік қызметтер ұйымы бөлімшесінің көмегімен ұйымдастырылып келеді.
Елшілік жәрмеңкеге 100-ге жуық қазақтың дәстүрлі және қазіргі заманғы қолөнер бұйымдарын, сондай-ақ, қазақстандық алдыңғы қатарлы азық-түлік компанияларының тағамдарын ұсынды.
Қазақстан стендіне қолдау білдірген қазақстандық жас дизайнерлердің арасында Ардақ Хиссина, Индира Әділ, Әсел Ұсқымбаева және Гүлнұр Иманова-Латып бар.
Сонымен қатар, Елшілік жәрмеңкеде «Air Astana» АҚ және «Radisson Hotel Astana» компанияларымен бірлесіп, «Құпия аукцион» үшін екі адамға Лондоннан Астанаға тегін сапар мен екі адамға қонақүйде тегін тұруға лот ұйымдастырды. Лот Британия азаматына сатылып, аукциондағы ең қымбат сыйлықтардың бірі болды.
Бұйымдар мен кәдесыйларды сатудан түскен қаражат «CFAB» ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау қорына жіберілді.
Сондай-ақ, жәрмеңке жұмысына еліміздің «Mechanical Piano» жетекші брендін ұсынған Британ-Қазақстан қоғамы және Орталық Азия халықтарының ұлттық бұйымдарын сатумен айналысатын «Kazakhstan for You» компаниясы да белсенді араласты.
Қазақстан Елшісі Ержан Қазыханов қолдау білдірген барлық қазақстандық демеушілерге алғысын жеткізді.