Соғыс басталған жылы Бурылша Майлықызы небәрі 10 жаста еді. Әлі оң, солын танып үлгермеген қаршадай қыз түтін басын түгел шалған нәубетті көзбен көріп өсті. Жастайынан еңбекке араласып, қара жұмыстың қыртысын қопарды. Бар ауыртпашылықты ата-анасымен қайыспай, қатар көтерді.
«Бүкіл ауыл азық-түліктен тарығып, ашқұрсақ күйде жүрсе де, майданға көмек көрсетуін тоқтатқан жоқ. Нанды соғыс басылғаннан кейін ғана көрдік. Бір уыс талқан, малдың сүтін талғажау еттік», деп еске алады қария.
Елдегі ер-азаматтың барлығы майданға кеткен ауыр шақ. Халықтың тұрмысы мүшкіл. Бурылша Майлықызы шама-шарқынша үлкендерге қолғабыс етті. Тыным таппай колхоздың пішенін шабысып, егінін орысты. Күн ұзақ соқаның соңына тіркелетін тұлық тасқа отырды. Ал, ең негізгі жұмысы – масақ теру болды.
«Мұндай зұлматты жұртқа бермесін. Сендер бақытты заманда өмір сүріп жатырсыңдар. Осы бақыттарыңды алмасын»,-дейді Бурылша әже.