Кеше ҚР Ұлттық мұражайында «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында «Жеңіске құрмет» атты көрме ашылды. Осы шараға орай мұражайдың ғылыми қызметкері Тоғжан Әділбекова және саясаттанушы, қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Біз бұл көрмеге жыл басынан бері дайындалдық. Қажет материалдар мен құжаттарды жинақтау мақсатында ұлттық мұрағаттармен, Алматыдағы орталық мемлекеттік және өлкетану мұражайларымен, ұлттық кітапханалармен жұмыс істедік. Көрме екі бөлімен тұрады.
Бірінші бөлімі «Қазақстан соғыс жылдарында» деп аталады. Мұнда фотосуреттер, мұрағат құжаттары, қазақстандық дивизиялардың ұрыс жолдарының карталары және басқа да маңызды құжаттар қойылған.
Ал, екінші бөлім экспозиция түрінде. Мұнда жауынгерлердің, батырлардың жеке заттары, майданнан жазған хаттары, ордендері мен медальдары және т.б. жәдігерлері қойылған»,-дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Тоғжан Әділбекова.
Күні кеше тұсауы кесілген «Ұмыт қалған батырлар» атты кітабы турасында Берік Әбдіғалиұлы былай дейді: «Кітап соғыстағы ерліктері елеусіз қалған отандастарымыз туралы. Осыдан 5 жыл бұрын «Халық батыры» деген акция өткізгенбіз. Ондағы мақсат майданда жүріп, Кеңес одағының батыры атағына ұсынылып, ала алмай қалған отандастарымызды іздеп, жинақтау. Біздің көздегеніміз тарихи әділеттілік».
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіздер.