1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 3 мамыр Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні болып жарияланды.
1991 жылдың 3 мамырында Намибия астанасында ЮНЕСКО және БҰҰ-ның ұйымдастыруымен өткен семинарда Африка елдері баспасөзінің бостандығы мен оның демократиялығын қамтамасыз ететін Виндхук декларациясына қол қойылды. Атаулы күн осыған орайластырылған.
Мерекенің басты шарасы - ЮНЕСКО-ның Гильермо Кано атындағы баспасөз бостандығы ісіне қосқан үлесі үшін берілетін халықаралық сыйлығы. 1986 жылы қызмет барысында қаза тапқан колумбиялық журналистің құрметіне тағайындалған сыйлық жеке адамдарға, ұйымдар мен мекемелерге тапсырылады.
Баспасөз бостандығы күні қарсаңында Халықаралық журналистерді қорғау комитеті билік пен БАҚ өкілдері арасындағы мәселелер бойынша сараптама жүргізіп, олардың шешілу жолдары қарастырылады.
Сондай-ақ, бұл күні әлем бойынша түрлі қоғамдық ұйымдар мен журналистік бірлестіктердің ұйымдастыруымен БАҚ-тағы сөз бостандығы мәселелеріне билік назарын аудару мақсатында түрлі бұқаралық шаралар өтеді.