«Астана» радиосында «Мен қазақпын!» бағдарламасы дүйсенбі-жұма аралығында шығады. Хабар қазақтың бай өлкесін, тарихын, шежіресін, тұлғаларын, этнографиясын тақырыпқа арқау етеді.
Бағдарламаның мақсаты - тыңдармандарды туған өлкенің жер-суы, өзен-көлі, тау-тасымен таныстырып, атамекен, ауыл-аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі, елдің игілігіне айналған мемлекеттік бағдарламалардың өңірлерде іске асырылуы, жастарымыздың тарихи танымын тереңдету, отаншылдық рухта тәрбиелеу.
Бағдарламаның алдыңғы сандары қазақ жыраулары «Кетбұғадай билерден кеңес сұрар күн қайда?» деп сағына еске алған би Кетбұға, күйші Кетбұға, батыр Кетбұғаға арналды.
«Мен қазақпын!» хабарының жұмадағы эфирін тізгіндеген Ербол Алшынбай мен Нәзира Сұлтанмұратқызы «Ақсақ құлан» еңбегінің авторы – күйші, музыкатанушы Жанғали Жүзбаймен сұхбат өрбітті.
Кетбұға бабамыздың қазақтың ғана емес, қырғыздар арасында да сақталған күйлері мен оның аңыздары туралы музыкатанушы Жанғали Жүзбай: «Ең алдымен, Кетбұға бидің күйлерінің таралымы туралы айтсам, күй мен аңыз егіз ұғым. Ерте кездегі күйшілер алдымен күйді тартпас бұрын, аңызын айтатын болған. Кетбұға күйлерінің ішінен тек 20 күйге қол жеткіздім. 20 күй белгілі бір күйдің нұсқасы деп айтуға келіңкіремейді. Оны күй аңыздарынан да білуге болады және оның таралымы да қызық. Мысалы, Мұрат Өскенбаев Маңғыстауда тартады және таралуын аңызбен айтып, 3 тарауын тартады. Семейдегі, Сырдың, Жетісудың бойындағы түрі, оңтүстіктегі, солтүсіктегі, Тоқырауын маңайындағы, Баянауыл өлкесіндегі тараулары өте көп. Олардың көбісі бір-біріне ұқсамайды.
Бұлардың ішіндегі ең көне нұсқасы - Таласбек Әсемқұлов шерткен «Сауға» күйін айта аламыз. Оның формасы бөлек. Материал ретінде де құнды.. Оны кезінде Ахмет Жұбанов тартқан. Мәскеуде сақталған осынау күйлерді 10 жыл бұрын Жарқын Шәкерім тауып әкелген. Одан тысқары жерде Моңғолияда тартылған күйлер, Өр Алтайдағы тартылған нұсқалары, қырғыздарда тартылатын нұсқалары бар. «Ақсақ құлан Жошы ханның» тараулары қазақтарда қалай тараса, қырғыздарда солай. Қырғыздардың әр өлкесіндегі жыр әр түрлі. Бірақ көбінесе, бәрі де, бұрынғы қазақтың жырларына ұқсап, бәрі бірдей қазақы өлеңмен басталады. Қырғыздардағы нұсқа біздегіге қарағанда фольклорлық материал ретінде өте көлемді»,-дейді.
«Ақсақ құлан» кітабының авторы: «Мақсатым - Кетбұға биге тән, Кетбұға тартты-ау деген күйлердің бәрін және соның аңыздарын жинақтау болды»,-дейді.
Сондай-ақ, кітапқа күйші Жанғали Жүзбайдың «Кетбұға» күйі де енген.
Бағдарламаның толық нұсқасын http://astanafm.kz/ сайтынан тыңдауға болады.