Дмитрий Язов: Қазақтар майданның барлық шебінде болды, олар ерлікпен соғысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дмитрий Язов: Қазақтар майданның барлық шебінде болды, олар ерлікпен соғысты

23.04.2015
Дмитрий Язов: Қазақтар майданның барлық шебінде болды, олар ерлікпен соғысты

«Жеңіс күні баршаға ортақ мереке. Себебі, жаумен шайқасқа барлық ұлт оған өлшеусіз үлес қосты. Дегенмен, қазақ халқының Соғыс кезіндегі ерлігін мен ерекше бағалаймын». Бұл сөздер кезінде Кеңес одағының Қарулы күштерін басқарған соңғы министрлердің бірі, соғыс ардагері Дмитрий Язовқа тиесілі.

Кеңес одағының көзі тірі ең соңғы маршалы. Кеңес одағының бұрынғы Қорғаныс министрі. Даңқты қолбасшы, мемлекет қайраткері. Ең бастысы, 90-нан асқан қарт майдангер.

Бұл атақ-абыройдың иесі, аты аңызға айналған – Дмитрий Язов. Жеңіс күні қарсаңында Ұлттық арнаға эксклюзивті сұхбат берген ол, «сұрапыл соғыста қазақтар ерекше ерлік көрсетті»,-дейді.

Дмитрий Язов, КСРО-ның бұрынғы Қорғаныс министрі, Кеңес одағының маршалы:

Қазақтар майданның барлық шебінде болды және олар ерлікпен соғысты. Оған дәлел, Қазақстаннан 500-ге тарта Кеңес одағының батыры шығыпты. Тіпті әйгілі ұшқыш Талғат Бигелдинов екі мәрте батыр атанған.

Мәскеуді қорғаған Панфилов дивизиясы сіздерде жасақталған, Әлия мен Мәншүктей батыр қыздарыңыз бар, ол аз десеңіз, әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлы бар.

Тылда жүріп соғысқа азық-түлік, киім-кешек жөнелткен азаматтардың еңбегі мен ерлігі өз алдына бөлек әңгіме. 

Дмитрий Язов 1980-ші жылдары Орталық Азия әскери округына қолбасшылық етіп, Алматыда 4 жылдай тұрған. Сондықтан, ол Қазақстанды екінші отаны санайды. Жасының келгеніне қарамастан, біздің елде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермейтін қайраткер, алдағы мерекеге орай ізгі тілегін білдірді.

Дмитрий Язов, КСРО-ның бұрынғы Қорғаныс министрі, Кеңес одағының маршалы:

Мен қазақ халқын, барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтаймын. Бұл бейбіт күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Алайда, біз ауызбірлігіміздің, халықтар арасындағы достығымыздың арқасында жеңіп шықтық.

Дәл осындай татулықты қазір Қазақстаннан көріп отырмыз. Сондықтан, осы жаймашуақ кезеңді бағалай білейік. Қазақ елі бұл күндері біз үшін ең жақын, ең сенімді мемлекет.

Біз сіздердің әрбір жетістіктеріңізге қуанып отырамыз. Ендеше қазіргідей қарқынды дамып, әрқашан табыстан-табысқа жете беріңіздер.

Дмитрий Язов қазіргі қазақ Қарулы күштерінің қауқарын да жоғары бағалады. Оның айтуынша, Қазақ елі қысқа мерзімнің ішінде қорғаныс саласына бөлінген қомақты қаржы мен  қажырлы еңбектің арқасында, кәсіби армия құра алды.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу