«Қыздар»: Айлан – көшбасшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қыздар»: Айлан – көшбасшы

21.04.2015
«Қыздар»: Айлан – көшбасшы

23 сәуірде Ұлттық арна эфирінен көрерменге жол тартатын «Қыздар» телехикаясында  басты рөлдердің бірін Іңкәр Әбдіраш сомдайды.  

Туындыда көркем, тапқыр, шешендігі бар Айлан өз ортасында көшбасшы. Ол жолдастарына үнемі дәулетті отбасынан екенін айтады. Бірақ,  ата-анасы қарапайым жандар.

Айлан кейбір жайттарды жасырып жүргенімен, тәрбиелі. Ешқашан біреудің ала жібін аттап көрмеген, біреудің алдын кеспеген. Кез келген әйел ер-азаматтың көмегінсіз-ақ, мансапқа жете алады деген ұранды ұстанған бойжеткен өмір бойы қасында болатын ақ боз атты ханзаданы да армандайды.

Еске сала кетейік, «Қыздар» телехикаясы – қазақстандық жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жатқан студенттердің қызыққа толы  өмірі туралы баяндайтын туынды.

Жалынды жастарды бірлікке шақыратын журнал шығару барысында жолдары тоғысқан олар түрлі қызықты оқиғаларға тап болып, достық, махаббат, Отанға деген сүйіспеншілік, адалдық сынды қасиеттерді бастан кешіреді.

Біздің анықтама:

Танымал отандық кинорежиссер Рүстем Әбдірашевтің қызы Іңкәр Әбдіраш  1990 жылдың 9 шілдесінде дүниеге келген. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында «Ойын киносының режиссурасы» мамандығы бойынша білім алуда.

13 жасынан бастап вокалмен айналысқан Іңкәр «Томирис» тобында ән салған. «Достар», «Ағайынды», «Побег из аула» телехикаялары мен  «Супербаха», «Ирония любви», «Солнечные дни» фильмдеріне,  сондай-ақ, бірқатар жарнама роликтеріне, клиптерге түскен.

Хабарламаларға жазылу