Қазақ радиосының «Інжу-маржаны» халықты жырмен сусындатып, тарихтан сыр шертеді – Қайрат Байбосынов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ радиосының «Інжу-маржаны» халықты жырмен сусындатып, тарихтан сыр шертеді – Қайрат Байбосынов

19.04.2015
Қазақ радиосының «Інжу-маржаны» халықты жырмен сусындатып, тарихтан сыр шертеді – Қайрат Байбосынов

Қазақтың көне жыршылық-жыраулық поэзиясын насихаттайтын Қазақ радиосының «Інжу-маржаны» - бүгінде тыңдармандар сұранысына ие хабарлардың бірі.

Әр жексенбі сайын әуе толқынына шығатын хабардың өткен саны «Жайықтың жыр жампозы» тақырыбына арналды.

Хабардың авторы әрі жүргізушісі Қошан Мұстафаұлы еліміздің Батыс өңіріне іссапармен барып, әнші, жыршы, айтыскер ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиевпен сұхбаттасып қайтты.

Ұланғайыр атырапты алып жатқан Қазақстанның батыс өңірі көркем табиғатымен, дарынды тұлғаларымен ерекшеленеді. Күй атасы -  Құрманғазы, Сармағай, Дина, Ұзақ, Дәулеткерей, Мұхит, Ғарифолла Құрманғалиев сынды өнер қырандары өмірге келген бұл өлке ертеден-ақ өнер саласында өзіндік мектептерін қалыптастырды.

«Біздің өлкеде насихатталмай жатқан өнерпаздар баршылық», - дейді Қатимолла Бердіғалиев. Жыршы Қазақ радиосының тыңдармандарына Абайдың рубаяттары мен «Сегіз аяғын», Мұқағалидің «Туған күн немесе болашаққа арыз» толғауын орындап берді.

«9 сыныпты бітіргеннен кейін Оралдағы музыкалық училищеге оқуға түстім. Ол кезде дәстүрлі әндер кафедрасы жоқ. Бізді орысша, классикаға тәрбиелейтін. Әйтсе де, классиканы орындай жүріп, Ғарекеңді, жалпы қазақ әншілерінің күйтабақтарын тыңдайтынмын. Ғарифолла Құрманғалиевке қатты еліктедім.  Училищені тәмамдаған соң, ауылға кетіп, сонда қызмет еттім», - дейді  Қатимолла Бердіғалиев.

Ал, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші Қайрат Байбосынов Қатимолла Бердіғалиев туралы: «Қатимолла – жан-жақты жан. Оның түр-сипаты қандай биязы болса, дауысы да сондай. Жүрегі де, дауысы да кең. Қандай әнді орындаса да, оның өзіндік бір ерекшелігі болады. Дауысы ешкімге ұқсамайды», - дейді.

 «Жырды, термені, әнді, тіпті, осы күнді Қазақстан композиторларының әндерін нақышына келтіріп орындау – әншінің бір орнында қалып қоймағандығын, ізденісін көрсетеді. Олар - жастарға, болашаққа үлгі. Осындай жандарды көріп, еліміздің дәстүр-салты, өнері орнында екеніне көзің жетіп, марқайып қаласың. Өнер адамдарын насихаттап, елге танытып отырған Қазақ радиосының «Інжу-маржаны» халықты жырмен сусындатып, тарихтан сыр шертеді», - деп, ризашылығын білдірді Қайрат Байбосынов.

Айта кетейік, «Інжу-маржан» хабарының өткен шығарылымдарын www.kazradio.kz сайтынан тыңдай аласыздар.

 Ал, «Жайықтың жыр жампозы» атты хабардың 2-бөлімі бүгін сағат 16:25-те Қазақ радиосының әуе толқынына шығады. Қапы қалмаңыздар!

Хабарламаларға жазылу