Павлодарда «АЛЖИР-дің әйгілі есімдері» атты көрме ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда «АЛЖИР-дің әйгілі есімдері» атты көрме ашылды

16.04.2015
Павлодарда «АЛЖИР-дің әйгілі есімдері» атты көрме ашылды

Павлодарда Павел Васильев атындағы музей-үйінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды еске алуға арналған «АЛЖИР-дің әйгілі есімдері» атты көрменің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Көрмеге «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешенінің астаналық қорына қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпағы тапсырған тұтқындағы әйелдердің суреттері мен құжаттары, қысқаша өмірбаяндары қойылды.

20 мыңнан астам әйел «АЛЖИР» лагерінен өтті, 8 мың әйел темір торда отырды. Олар саяси және қоғам қайраткерлерінің әйелдері еді.

 «АЛЖИР» лагері тұтқындарының еңбек жағдайынан жан түршігеді. Әйел адамдар ауыр жұмыс атқарып, жер қазды. Таңғы төрттен түннің ортасына дейін аптап ыстық пен қақаған суықта жұмыс істеді. Әйелдердің алғашқы легі лагерьге 1938 жылы 6 қаңтар күні келіп, суыққа төтеп бере алмай көбісі қайтыс болды. Бұдан басқа, қыстың ішінде мұздай суға қамыс жинау үшін кіретін. Бір тұтқын тәулігіне 40 құшақ қамыс жинауы тиіс еді. 6-8 градус суық баракты паналаған әйелдердің ішінде жүкті келіншектер де болды. Балалар үш жасына дейін анасымен тұратын. Бұдан кейін балғындар балалар үйіне жіберіледі. Балалардың  көбі аналарымен бірге аштық пен суыққа төтеп бере алмай қайтыс болды», - дейді «АЛЖИР» тоталитаризм және саяси қуғын-сүргін құрбандары музей-мемориалдық кешенінің экскурсия жүргізушісі Сая Малыбаева.

Ал, павлодарлық Ғалия Гайсина бұрын «АЛЖИР» тұтқыны болған анасының тағдыры туралы айтып берді: «Анамыз өмір бойы өткен өмірі туралы сыр ашуға қорқатын. Ағайынды тоғыз едік. Анамызды темір торға қамаған кезде барлығымызды балалар үйіне бөліп тастады, кейін бесеуін ғана тауып алды. Павлодарда 1958 жылдан бастап тұрамыз. Анамыз саяси қуғынға ұшырағаннан кейін Семейге, кейін Павлодарға кетті. Көп ұзамай әпкеміз денсаулығының әлсіздігіне байланысты қайтыс болды. Осылайша, төртеуміз қалдық. Барлығымыз да жоғары білім алдық. Талай рет әкем туралы сұрағым келгенмен, батылым жетпеді. Ол да айтуға қорқатын. Анамыз 88 жасында дүние салды».

Хабарламаларға жазылу