Астанада «Қазақстандық өнімдер» VI форумы өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Қазақстандық өнімдер» VI форумы өтуде

15.04.2015
Астанада «Қазақстандық өнімдер» VI форумы өтуде

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС ұйымдастыруымен «Қазақстандық өнімдер» VI форумы өтуде.  

Оған 315 отандық өндіріс орындарының, 755 ірі компанияның орта және шағын бизнес субъектілерінің, мемлекеттік өндіріс саласы мен дамыту институттарының өкілдері қатысуда.

Форум жұмысы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың сөзімен басталды.

«Біз шағын және орта буын кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға көмектесудеміз, отандық өнім өндірушілермен байланысты нығайтып, шағын қалалардағы кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етудеміз. Бұл бағыт кезінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Біз, нақты жұмыс істейтін, өнімдерінің сапасын жоғарылатып, бәсекелестікке қабілеттілікті арттыратын қазақстандық кәсіпорындармен бірге жұмыс жүргізуге, оларды қолдауға дайынбыз»,-деді сөз барысында Эдуард Огай.

Шараға сонымен қатар, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің жауапты хатшысы Бейбіт Атамқұлов, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бас директоры Бақтияр Қырықпышев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әнуар Ахметжанов, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қаржы директоры Әділет Барманқұлов және басқалар қатысты.

Спикерлер компанияны дамытудың стратегиялық сұрақтарын, қазақстандық өнім өндірушілерді, аймақтағы орта және шағын бизнесті қолдауға бағытталған жұмыстың негізгі бағыты мен іс-шараларын талқылады.

Форумның мақсаты – «Қазақмыс» компаниясы мен отандық өндірушілер арасындағы қарым-қатынасты, ынтымақтастықты нығайту, жаңа технологияларды енгізу.

Айта кету керек, форум барысында «Қазақмыс тобының үздік серіктестері» марапатталды.

Хабарламаларға жазылу