Н.Назарбаев: Елімізде шағын және орта бизнес үшін қажетті жағдай жасалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н.Назарбаев: Елімізде шағын және орта бизнес үшін қажетті жағдай жасалған

03.04.2015
Н.Назарбаев: Елімізде шағын және орта бизнес үшін қажетті жағдай жасалған

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ақтөбе-орталық» серіктестігінің көлік-логистика орталығындағы кездесуінде осылай деді.

Мұнда Мемлекет басшысына орталықтың жұмысы таныстырылып, онда сақталатын өнім түрлері көрсетілді.

Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп кешені мен бизнестің өзге де салалары өкілдерімен әңгімелесіп, облыстың орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан нарықтық экономикалы ел болғандықтан, біз отандық өнімдердің жартысын бизнес өндіргенін басты мақсат етіп отырмыз. Бұл үшін қажетті барлық жағдай жасалған. Несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі субсидияланады, «Бизнестің жол картасы-2020» арнаулы бағдарламасы жұмыс істейді, негізсіз тексерулер тоқтатылды. Кәсіпорындарды тіркеу үдерісі жеңілдетілді.

Мемлекет енді сіздердің тараптарыңыздан өнім көлемін ұлғайтуды, жұмыс орындарын ашуды, салық төлемдерін, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті өнім шығаруды және жаңа технологияларға инвестиция салуды күтеді», - деді Қазақстан Президенті.   

Соңында Мемлекет басшысы кездесуге қатысушыларға табыс және бақ-береке тіледі.

Орталықтың қуаты 17 мыңнан астам паллеторынға лайықталған. Аумағы - 4.7 га, қоймаларының алаңы - 12 400 шаршы метр.

 

akorda.kz

Хабарламаларға жазылу