Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Біз жанбасақ лапылдап» атты республикалық жас ақындар мүшайрасының қорытынды кеші өтті.
Шараның мақсаты – өскелең жас ұрпақтың бойындағы патриотизм ұшқынын жалындатып, жастардың жігерлі жырларын, мөлдір бұлақтай өлеңдерін насихаттау және ақындарды ынталандыру.
Мүшәйраға ақындар «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Студенттік өмір», «Еркін тақырып» бойынша өлеңдерін жолдады. Байқауға Алматы, Шымкент, Түркістан, Тараз, Павлодар, Семей, Қарағанды, Ақтөбе, Орал қалаларынан 50-ге жуық жас ақын қатысты.
Ақындардың шығармашылығын бағалаған қазылар алқасының құрамында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, Журналистика факультетінің деканы, ақын Сағатбек Медеубек, «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлім, «Қазығұрт» баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаев, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы, ақын Қазыбек Иса, ақын Талапбек Тынысбек, сонымен қатар, сарапшылар ретінде тарихшылар – т.ғ.д., профессор Талас Омарбеков, т.ғ.д., профессор Берекет Кәрібаев болды.
Отты жырларымен жастар арасында да, аға буын арасында танылып келе жатқан жас ақын Шерхан Талап бас жүлдеге лайық деп танылса, I орын Әлішер Әлімжанға, II орын Нұртас Тұрғанбек пен Мұқағали Қоштайұлына, III орын «Өр-Алтай» деп танылып жүрген Әріби Әрібек, Асылан Тілегенов, Еламан Хасенұлына бұйырды.
Ал, байқаудың арнайы жүлдесін Марғұлан Ақан, Дәулеткелі Жәкей, Қазыбек Сағидолла, Ерзат Асыл, Алпамыс Файзолла т.б. иеленді. Ақындарға «Сұңқар» студенттер кәсіподағы атынан қаржылай сыйақылар, Жазушылар одағы мен профессор-оқытушылар атынан бағалы сыйлықтар және рухани қазыналы кітаптар берілді.
Фото: Әйгерім Әлімжан