Бүгін – Әнуарбек Байжанбаевтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Әнуарбек Байжанбаевтың туған күні

26.03.2015
Бүгін – Әнуарбек Байжанбаевтың туған күні

Әйгілі диктор, Қазақстанның Халық әртісі Әнуарбек Нығметжанұлы Байжанбаев  1923 жылы 26 наурызда дүниеге келген.  

Бүкіл өмірі кейінгіге үлгі болар асыл тұлға Әнуарбек Байжанбаев еңбек жолын 1931 жылы Алматыда, мектепте оқып жүрген шағында бастаған. Қалаға көшіп келген ата-анасына қолғабыс ету мақсатында «Социалистік Қазақстан» газетінің баспаханасында хат тасушы болып жұмыс істеген.

Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов секілді классик жазушыларға хаттар, қолжазбалар, кітаптар жеткізіп отырған.

1940 жылы Қазақ коммунистiк журналистика институтына оқуға түседі. Соғыс басталғанда алғашқылардың бiрi болып соғысқа аттанған ол 1943 жылы майданда аяғынан ауыр жараланып, елге оралады.

Сол жылы кезінде баспаханада бірге жұмыс істеген, кейін Республикалық Радио тарату комитетінің басшысы болған Омарғазы Оспанов оны радиоға дикторлыққа шақырады. Ә.Байжанбаев өмiрiнiң соңына дейiн, 50 жылдай радиода қызмет атқарған.

Қазақ радиосының «Алтын қорында» бүгінде әйгілі диктордың оқуында 400-ден астам жазба, он мыңдай әдеби, му­зыкалық хабарлар сақтаулы. Оның Жеңісті хабарлағандағы мәліметі – баға жетпес асыл мұра.

Әнуарбек Байжанбаевтың әсерлі сөз саптауы бөріктілер дауысының эталонына айналды. Атақты  Левитанға еліктемесе де, шеберлікке деген құрмет пен сүйіспеншілік оны бәрібір «Қазақтың Левитаны» атандырды.

Бір айта кетерлігі, егер Левитан тек ресми хабарларды оқумен шектелсе, Әнуарбек Байжанбаев барлық дерлік жанрларда – хабарлар мен туындыларды да шебер оқуымен ерекшеленген. Ол әдеби туындыларды, өлең-жырларды әуезді етіп оқығанда, тыңдаған адам еріксіз құлақ түретін.

Әнуарбек Байжанбаев 1989 жылы 21 қазанда 66 жасында дүние салды.

Еске сала кетейік, «Айтуға оңай...» бүгінгі хабарын әйгілі дикторге арнамақ. Ұлттық арнадан 21.05-те көріңіз.

Хабарламаларға жазылу