Құдіретті күй өнерінің дүлдүлі Қаршыға Ахмедияров бала кезінен домбыраға қызығып өседі. Алайда, ауыл баласы мектеп бітірген соң, мал дәрігері мамандығын таңдайды. Күй өнерінен алшақ салада жүрсе де, өнерге талпынған бозбала домбырасын қолынан тастамайды.
Танымал дирижер Шамғон Қажығалиев Қаршыға Ахмедияровты Құрманғазы оркестріне алады. Небәрі екі айдың ішінде нота үйретеді. Сөйтіп, мал дәрігер институты жайына қалып, Қаршыға Құрманғазы атындағы консерваторияның студенті атанады.
«Оның қолынан өмір бойы домбырасы түспейтін, үнемі ізденіп жүретін. Тағы бір айта кетерлік қыры ол – дирижерлығы. Күйдің бір ерекше қасиеті – басқа ешбір музыкаға ұқсамайтын өзіндік иірімдері болады. Оны күйшіден басқа адамның игеруі өте қиын. Осы жағынан келгенде Қашекең өте шебер дирижер еді»,-дейді күйші, ҚР Мәдениет қайраткері Біләл Ысқақов.
Осы қасиетінің арқасында Қаршыға Ахмедияров 2009 жылы Алматыда 640 домбырашының басын қосқан еді. Осыншама адам бір мезгілде бір күйді күмбірлеткенде, күллі әлем таңқалды. Бұл оқиға Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Толығырақ – «Таңшолпанда».