«Қазақстандық спортшылар соңғы жылдары көптеген жетістіктерге жетті. Біздің құрамада Әлем чемпионы Денис Кузин сынға түседі. Сондықтан Дениске 1000 метр қашықтықта, Роман Кречке 500 метрде үміт артамыз. Сонымен қатар, біздің спортшылар өз алаңында бақ сынайды. Олар мұндағы әр бұрылысты жаттап алған. Қыздар арасында Екатерина Айдова көпсайысты жақсы нәтиже көрсетеді деп сенеміз», - дейді Вадим Саютин.
Ал, конькимен жүгіру спорты федерациясының вице-президенті Василий Крыловтың айтуынша, ерлер арасында 500 бен 1000 метр қашықтықта, ал қыздар арасында 500 метрде рекордтар жаңаруы мүмкін. Себебі Астанаға ең үздік әрі мықты спортшылары келген. Сонымен қатар, жарыс өтетін «Алау» кешені мұз айдынының жылдамдығы жағынан әлемде 7-ші орын иеленеді.
Жарыстың ең үздік спортшылары медальдармен марапатталып, 15 миллион теңге жүлде қорын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, спринтерлік көпсайыстан Әлем чемпионаты бүгін басталып, 1-ші наурызға дейін жалғасады. Жырсқа 18 мемлекеттен 64 спортшы қатысады. Қазақстан құрамасының намысын Екатерина Айдова, Денис Кузин, Роман Креч пен Александр Жигин қорғайды.
Жарыстың екі күнін «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Бүгін Әлем чемпионатының ашылу салтанаты мен бірінші жарыс күнін тікелей эфирде сағат 17:15-те өтеді. Ал, екінші жарыс күнін 1 наурызда сағат 18:15-де тікелей эфирде тамашалай аласыздар.