Әлемдегі ірі шөлдерді басып өткен жалғыз марафоншы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдегі ірі шөлдерді басып өткен жалғыз марафоншы

24.02.2015
Әлемдегі  ірі шөлдерді басып өткен жалғыз марафоншы

Марат Жыланбаев – әлемдегі ең ірі шөл далаларды басып өткен жалғыз марафоншы. Ол үлкен спортпен 20 жыл бұрын қош айтысса да, жүгіруді бүгінге дейін тастаған емес. Марат бағындырған ең ұзақ жол -1700 шақырымды құрайды. Күніне 70 шақырымды соңына қалдырып, 24 күн дегенде Сахара шөлін басып өтеді. Осылайша, Марат Гиннестің рекордтар кітабына енді.

«Мен қазір тек денсаулығым үшін жүгіремін. Мені іздесеңіздер, спорт залдан табасыздар. Аптасына 5 рет, 7,5 шақырым жүгіруді әдетке айналдырғам. Мен  қатысқан жарыстардың бәрі тәуекел дер едім. Өйткені, қай-қайсысы болсын, қауіпті болды. Ең қауіптісі – шөл далалар. Жылан, қарақұрт, өрмекшілердің түр-түрін көресіз. Сондай-ақ, Эльбрус тауы да қауіпті болды»,-дейді марафоншы.

Марат Төлегенұлы жас кезінде-ақ, жүгіруге арналған жаттығулардың әдіс-тәсілдерін ойлап тапқан.  Күніне тоқтамай 50-70 шақырым емес, 70-80 шақырым жерді жүгіріп өтті. Тіпті, бапкерлердің өзі мұндай жаттығу түріне қатты таңғалыпты.

Ол 1990-1991 жылдары 226 классикалық марафонға қатысып, күніне  42 шақырымнан жүгіріп отырған. 15 күннің ішінде 30 классикалық марафонды жүгіріп,  әр марафонға 4 сағат уақытын кетірген. Арада 20 жыл өтсе де бұл рекордты әлі ешкім жаңарта алған жоқ.

Марат Жыланбаевтың өзге де рекордтары туралы  «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу